Павлодарда электросамокат мінушілерге қойылатын талаптар күшейтіледі

Павлодарда электросамокат мінушілерге қойылатын талаптар күшейтіледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Павлодар облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев мәлім етті.

– Самокаттардың жылдамдығын шектеу көзделіп отыр – олар сағатына алты шақырымнан артық жүрмеуі тиіс. Сонымен қатар, электросамокат басқару үшін А1 санатындағы жүргізуші куәлігін енгізу мәселесі қаралуда. Түнгі уақытта міндетті түрде жарық шағылыстыратын жилет пен мотошлем кию қажет болады. Жалпы, қауіпсіздік талаптары күндіз де, түнде де міндетті сипатқа ие болмақ. Бұдан бөлек, самокатпен жолаушы тасымалдауға тыйым салынады – онда тек бір адам ғана болуы тиіс, – деді ол.

Сондай-ақ қозғалыс орындарына ерекше назар аударылуда. Жағалау аумағында бұған дейін шектеулер енгізілген: жаяу жүргіншілерге арналған аймақтар тек серуендеуге арналған, әсіресе ол жерде балалар жиі болады. Алайда тыйымдарға қарамастан, ережені бұзушылар кездесіп отыр.

– Қазір біз бұл мәселені алдын ала орталық жағалауда кәсіпкерлік бөлімімен бірлесіп пысықтауды жоспарлап отырмыз. Әңгіме тек самокаттарды жалға беру ғана емес, велосипедтер мен олардың техникалық жағдайына да қатысты. Бұған дейін жол белгілерін бұзғаны үшін жеке тұлғалар да, жалға беру қызметін ұсынушылар да жауапкершілікке тартылған болатын. Жағалау – серуендеуге арналған орын, мұнда балалар жүгіріп жүреді, сондықтан қағып кету қаупі бар, – деді полиция өкілі.

Осыған байланысты «онда қай жерде жүруге болады?» деген сұрақ туындайды.

– Самокатпен арнайы белгіленген орындарда, мысалы, жағалауға жақын орналасқан веложолақта жүруге рұқсат етіледі. Ол жерде қозғалысқа тыйым салатын белгілер жоқ, – деп түсіндірді ол.

Құқық қолдану тәжірибесіне сәйкес, егер жасөспірім шлемсіз немесе арнайы жилетсіз жүрсе, полиция қызметкерлері оны тоқтатып, жеке басын анықтайды және ата-анасын шақырады. Кейін іс ювеналды полицияға жолданып, ата-аналарды жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады. Сонымен қатар, самокатты кәмелетке толмағандарға қолжетімді еткен компанияларға да шара қолдану туралы ұсыныс енгізіледі.

Самокат жалға беретін компаниялар жылдамдықты техникалық тұрғыда шектеуге және пайдаланушыларды бақылауға міндеттеледі. Олай болмаған жағдайда оларға айыппұл салудан бастап, самокаттарды тәркілеуге дейінгі шаралар қолданылуы мүмкін. Мәселен, самокаттар рұқсат етілмеген жерге қойылып, жаяу жүргіншілерге кедергі келтірсе, олар әкімшілік баптар бойынша тәркіленеді.

Сондай-ақ пайдаланушылардың жалпы тәртібіне де ерекше көңіл бөлінеді. Мас күйінде самокат басқару да өрескел құқық бұзушылық ретінде қарастырылады.

Енді самокат мінушілер жай серуендеуші емес, жол қозғалысының толыққанды қатысушылары ретінде қарастырылып, оларға қатаң талаптар мен жауапкершілік жүктеледі.