Павлодарда тәртіп сақшылары мен тұрғындар бірге ән салды

Полиция көпшілікке таныс әндермен өз өнерлерін көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Ertis Promenade» сахнасында полиция қызметкерлері тұрғындарға музыкалық тосынсый жасады.
Шара барысында тәртіп сақшылары көпшілік алдында таныс әндерді орындады, павлодарлықтар мен олардың балалары әнге қосылып, қолдау білдірді.
Сонымен қатар, өңіріміздегі музыканттар да өз өнерлерін көрсетті.
– Бұл – әр адам өзіне керегін таба алатын, шығармашылықпен, музыкамен және мерекелік көңіл күймен тоғысатын орын. Музыка – мен үшін жай ғана хобби емес, ішкі жан дүниемді жеткізудің тәсілі. Біздің өміріміз тек полиция қызметінен тұрмайды, біз адамдарға жағымды көңіл күй сыйлауды да білеміз, – дейді қалалық ювеналды полиция инспекторы Махаббат Тоқпанова.
Шара соңында павлодарлықтар полиция қызметкерлеріне қызықты концерттік бағдарлама үшін алғыс білдіріп, ұзақ қол шапалақтап, қошемет көрсетті.