Павлодарлық оқушылар Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларына комикстер салды
«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында жазушының шығармалары бойынша комикстер байқауының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Байқаудың басты мақсаты – классикалық жазушы шығармашылығына жаңа көзқараспен қарау, қазақ сөз өнеріне орасан зор үлес қосқан бірегей, таңғажайып және ерекше стилді Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын дәріптеу.
– Жыл басында жарияланған байқауға Павлодар қаласының Балалар көркемсурет мектебінің тәрбиеленушілерінен автордың түрлі шығармаларына он жұмыс келіп түсті. Қазылар алқасы құрамында кәсіби суретшілер болды, – деді шараны ұйымдастырушылар, облыстық кітапхананың қызметкерлері.
Бірінші орын бірауыздан 15 жасар Милана Кубековаға «Менің атым Қожа» повесі бойынша салынған толыққанды комиксі үшін берілді.
Екінші орынды «Балалық шаққа саяхат» комиксін салған Гүлназ Алтынбек иеленсе, үшінші орынды «Аяжан» әңгімесіне салған комикс үшін Лейла Коваленкоға қанжығасына байлады.
Көрермендер өздерін жазушы рөлінде сынап көріп, барлығы бірге қосылып өздерінің әңгімелерін жазды. Оның басты кейіпкері Қожа болды. Ең батыл көрермендер кинопробада Қожаның бет-әлпетін қайталады.
Барлық қатысушылар сертификаттар мен тәтті сыйлықтарға ие болды.