Павлодарлықтар цифрлық қызметке қандай бұзушылықтар туралы жиі хабарлайды

Павлодарлықтар цифрлық қызметке қандай бұзушылықтар туралы жиі хабарлайды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыс орталығының тұрғындары «Заң және тәртіп» цифрлық сервисін белсенді пайдалануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Аталған сервис арқылы полицияға 708 облыс тұрғыны жүгінді. Оның ішінде 311 өтініш «102» мобильді қосымшасы арқылы, 240 өтініш Egov Mobile қосымшасында, соның ішінде 139-ы Kaspi.kz қосымшасы бойынша түскен.

Мысалы, «102» жүйесіне павлодарлықтардан бейне және мәтіндік хабарламалар келген. Онда жүргізушінің қарсы жолаққа шыққаны, көршінің көлікті шығатын жолды жауып қойғаны, сондай-ақ тоқтау сызығына өткен  фактілері көрсетілген.

Kaspi.kz қосымшасы арқылы да хабарламалар түсуде. Мысалы, тұрғындардың бірі 29 қараша көшесінде «тоқтауға», «тұруға тыйым салынады» белгісінің астында автокөліктің тұрғанын және ол көліктің жолды бөгеп тұрғанын хабарлаған. Egov арқылы Ткачев көшесінде иесі ұзақ уақыт пайдаланбай қойған «Ниссан» автокөлігі туралы бейне және мәтіндік хабарлама келіп түсті.

Барлық құқықбұзушылар полиция тарапынан анықталып, жауапкершілікке тартылды.

Еске сала кетсек, 23 маусымда ҚР ІІМ азаматтардың құқықбұзушылықтар туралы тікелей полицияға хабарлауына мүмкіндік беретін «Заң және тәртіп» цифрлық сервисін іске қосты. Egov Mobile қосымшасының басты бетінде «Заң және тәртіп» атты жеке белгіше пайда болды. Оның көмегімен хабарламаны тез жіберуге болады. Өтініш нысаны қарапайым әрі түсінікті.

– Оқиға туралы сигнал — мысалы, қоғамдық тәртіпті бұзу, отбасылық зорлық-зомбылық немесе жол-көлік оқиғасы жөнінде — ақпарат түсіп, полиция белгі түскеннен кейін бірден әрекет етеді. Ұқсас белгішелер кейбір банк қосымшаларына да енгізілген, бұл сервисті кең аудиторияға қолжетімді етеді, – деп атап өтті облыстық полиция департаментінде.

Сервис тәулік бойы жұмыс істейді, өтініштер еліміздің бүкіл аумағында қабылданады.