Ұлу мен маракуйя: Павлодарлық үйірмеде оқушыларды табиғатты аялауға тәрбиелеуде

Ұлу мен маракуйя: Павлодарлық үйірмеде оқушыларды табиғатты аялауға тәрбиелеуде

М.М.Катаев атындағы облыстық оқушылар сарайында үш жыл бұрын «BIO GREEN» экологиялық үйірмесі ашылды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Жетекшісі биология магистрі Айгерім Оразбаева балаларға әртүрлі өсімдіктерді ерекше жолмен өсіруді үйретеді. 

 – Мен бала күннен табиғатқа жақынмын. Кішкентай болғанда әкемнің көлік фараларында қалып қойған жәндіктер мен инеліктерді әрдайым аяп, құтқарып жүрдім, – деді Айгерім Оразбаева.

Үйрмеде балалар үшін бірнеше қызықты алаң бар. Экологиялық кабинет ашылған мезетте арнайы аквопоника жабдығы құрастырылып, орнатылған. Аквопоника арқылы балық пен өсімдікті бір уақытта өсіруге мүмкіндік бар. 

– Заманауи жабдық арқылы суды сирек ауыстырамыз. Балықтар жүзетін аквариумдағы су өсімдіктерге жалғанып тұратын түтіктердің арқасында сүзгіден өтіп, тазартылады. Өсімдіктердің тамырлары топырақта емес, керамзитте жайылып, судың ішінде ұзақ уақыт бойы қурап қалмай өсе береді, – деді Айгерім Оразбаева.


Аквопоникада қырыққұлақ, спатифиллум, традесканция, маракуйя сынды өсімдіктер аквариумдағы суға шашылған тыңайтқыштармен құнарланып, жыл бойы жасыл жапырақтармен гүлденіп көбейеді.

– Оқушыларға балықтардың екі түрі көрсетіледі. Аквариумның бір бөлігінде дүкеннен сатып алынған сәндік балық пен Ертіс өзенінен ауланған өзен балықтары бар. Балалар оларға жем бергенде айырмашылықты байқайды. Өзен балықтарында өзін-өзі сақтау инстикті болады, ал сәндік балықтарда қорқу сезімі жоқ. Бізге келетін оқушылар аквпоника әдісімен өсірілетін гүл мен балықтарды көріп, ғылыми жұмыстарды жазады, – деді спикер.


Сондай-ақ, үйірмеде топырақсыз өсімдік өсіруді үйрететін гидропоника алаңы бар. Өсімдіктер арнайы гидропоникалық субстраттарда өседі. Оған минералды мақта, кокос талшығы және перлит тасы жатады. Суккулент, жалбыз, аихризон (махаббат ағашы) сияқты өсімдіктер тамшылатып суару әдісімен өсіріледі. Сондай-ақ, олар фитолампаның жарығын қажет етеді. 

– Біздегі өскен ең ерекше өсімдіктерге аквопоникамен өскен маракуйя мен қаһарлы қыста гидропоникамен піскен қызанақ жатады. Екеуін де үйірмеге келіп тұратын оқушыларымыз өсірген. Олар байқауларда осы жобалармен көзге түсіп, жеңіске жеткен еді. Мысалы, маракуйяның сүйегін оқушым Тайландтан әкелген болатын. Экзотикалық өсімдікті қалай өсіруге болатынын біліп, қызығып келді, – деді Айгерім Оразбаева.


Оның сөзінше, үйірмеде әр топтағы бала саны – 15. Олар аптасына екі рет келеді және екі сағат оқиды. 

– Сабақ барысында балалармен бірге басқа елдерінің тәжірибесін зерттейміз, оқушылардың экологиялық санасын қалыптастырамыз. Олар түрлі акцияларға қатысады. Мектепте партадағы сабақтарды түрлендіру үшін экологиялық ойындар өткіземіз,– деді Айгерім Оразбаева.

Ал «RELEON lite» цифрлық зертханасының көмегімен оқушылар атмосфералық ауаның сапасын және қоршаған ортаның басқа көрсеткіштерін зерттейді. Құралдар жинағы көмегімен қоршаған ортада эксперименттерді орындауға мүмкіндік береді. Сандық зертханасының сенсорлары 22 экологиялық көрсеткішті өлшейді: ауадағы оттегі мен көмірқышқыл газының деңгейі, ультракүлгін және электромагниттік сәулелер, ауа ағынының жылдамдығы, шу деңгейі, топырақтың температурасы мен ылғалдылығы, атмосфералық қысым деңгейі және т. б.


Бұдан бөлек, кабинетте оқушылар африкалық Ахатин ұлуларының және сөйлейтін Эклектус тотықұсын бақылай алады. «BIO GREEN» үйірмесінің тәрбиеленушілері республикалық және облыстық экологиялық акциялар мен конкурстарға белсенді қатысып, макулатура мен пластикалық қақпақтарды жинап, қайта өңдеуге тапсырады.

Айта кетейік, үйірме 7-17 жас аралығындағы балалар үшін тегін. 15 қыркүйекте үйірме өз жұмысын бастайды.