Ақсуда магистральді көшелер жөнделеді
Шаһарда «АВМ-98» және «Гордорстрой» мердігер ұйымдары жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Ақсу қаласына жұмыс сапары барысында жол жөндеу науқаны мен қаланы абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Өңір басшысына атқарылып жатқан және жоспарланған жұмыстар туралы қала әкімінің орынбасары Нұрбек Қоңыратбаев баяндады.
Оның айтуынша, Әуезов көшесінде жол жабынын қырып, тегістеп алу жұмыстары аяқталған. Сонымен қатар шұңқырларды жөндеу, топырақты көшелерді жаңарту және тротуарлар салу қарастырылған. Былтыр жұмыстар Черемушки шағын ауданында жүргізілсе, биыл олар қаланың тағы алты көшесінде және Ақсу кентінің бес көшесінде жалғасады.
Бұдан бөлек, Чапаев көшесіндегі тротуар құрылысы аяқталды. Жақын арада мердігерлер Абай көшесіндегі жұмыстарға кіріседі. Бұл учаскені жекеменшік секторға дейін ұзарту жоспарланып отыр. Жолды асфальттау жұмыстарын павлодарлық Sunrise компаниясы жүргізуде.
Өңір басшысы қаланы аралау барысында әлеуметтік нысандарға кіреберіс жолдар мен аумақтарды жөндеу мәселесіне ерекше тоқталды. Нұрбек Қоңыратбаевтың сөзінше, биыл шамамен онға жуық білім беру және денсаулық сақтау нысаны қамтылады. Олардың қатарында мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен емханалар бар. Барлығында асфальт жабыны жаңартылады.
Асайын Байханов мұндай жұмыстардың Павлодар мен Екібастұзда аяқталғанын атап өтіп, Ақсуда мерзімді созбауды тапсырды. Қазір үш мектеп аумағында жөндеу басталған, тағы екі нысанда жұмыстар кейінірек қолға алынады.
Өңір басшысы салық түсімдері мен мердігер ұйымдарды тіркеу мәселесіне де назар аударды. Анықталғандай, компаниялардың бірі іс жүзінде Павлодар өңірінде жұмыс істегенімен, Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген.
– Неліктен салық басқа өңірге түсуі керек? Егер мердігерлер осында жұмыс істесе, олар Павлодар облысында тіркеліп, салықты жергілікті бюджетке төлеуі тиіс, – деді Асайын Байханов.
Ол мердігер ұйымға қысқа мерзім ішінде Павлодар облысында – Ақсуда немесе Павлодар қаласында қайта тіркеуден өтуді тапсырды.
Сапар барысында жол жұмыстарының сапасы мен мерзімінің сақталуы да талқыланды. Мердігер ұйымдардың өкілдері көшелерді асфальттау жұмыстарын шілде айында аяқтау жоспарланып отырғанын айтты. Әңгіме Пушкин, Чкалов, Бауыржан Момышұлы, Набережная және Әуезов көшелерін жөндеу туралы болып отыр. Бірқатар учаскеде фрезерлеу мен тегістеу қабатын төсеу жұмыстары аяқталған.
Облыс әкімі гидравликалық сынақтар мен инженерлік желілерді жөндеу кезінде асфальтты қайта қазып алмау үшін магистральді көшелердегі жұмыстарды уақытылы аяқтаудың маңызын атап өтті.