«Кімнен кембіз»: Павлодарда журналистің жаңа кітабы таныстырылды
Қоғамның өзекті мәселелері еңбекке арқау болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһарда Қазақстан журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, Қазақстанның құрметті журналисті, Қазақстан республикалық телерадио қоғамының облыстағы меншікті тілшісі Болат Аманбаевтың «Кімнен кембіз» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Жаңа еңбек автордың журналистикадағы көпжылдық тәжірибесі мен қоғамдағы өзгерістерге қатысты азаматтық ұстанымын тоғыстырған. Басылымда өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалымен қатар, руханият, дін, өнер, заманауи технологиялар және жасанды интеллект дәуірінің болашағы қамтылған.

Кітаптың мазмұнына тоқталған Павлодар облысының «Ақбеттау» журналының редакторы Сайлау Байбосын бұл еңбекті өңірде қазақ тілінде жарық көрген әлеуметтік-экономикалық бағыттағы алғашқы кітап деп бағалады.
– Бұл қазақ тілінде шығып жатқан әлеуметтік-экономикалық бағыттағы тұңғыш кітап. Мұнда әлеуметтік-экономикалық жағдайдан бөлек руханият, дін, өнер де қамтылған. Қазір еліміз үлкен өзгерістердің алдында тұр. Инновациялар мен жасанды интеллект, озық технологиялар өмірімізге еніп жатыр. Автор осы өзгерістердің болашағымызға әсері туралы өзінің ішкі толғанысын, пікірін жеткізген, – деді ол.
Жиында облыс әкімі Асайын Байханов та пікір білдіріп, кітап авторын қоғамға ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан қаламгер ретінде атады. Өңір басшысының айтуынша, кейінгі жылдары аймақта бірқатар маңызды кітап жарық көріп, оларды оқырманға насихаттауға кітапханалар мен қоғам өкілдері атсалысып келеді.
– Болат Советұлы – қоғамға бір мақсатпен қызмет етіп, иықпен иық тіресіп жүрген азаматтардың бірі. Әрқайсымыздың мақсатымыз – мемлекетіміздің болашағына қызмет ету. Бұл кітапта сол еңбектің бір нәтижесі деп ойлаймын, – деді Асайын Байханов.

Өңір басшысы басылымды толық оқып үлгермегенін, алайда ұсынылған еңбекті алдын ала қарап шыққанын айтты. Сонымен бірге, журналистік жұмыста сын мен пікірдің нақты дерекке сүйенуі маңызды екенін атап өтті.
– Әр нәрсені талқылауға болады, тіпті әр нәрсені сынға да салуға болады. Бірақ бәрін конструктивті түрде жасау керек. Артында деректері болуы қажет. Дәлелденген әңгіме қоғамға да, сізге де, бізге де пайдалы болады, – деді ол.
Асайын Байханов қоғамдық өмірге белсенді араласатын журналистердің ұстанымын жоғары бағалап, авторға шығармашылық табыс тіледі.
Тұсаукесер барысында еңбектің негізгі мақсаты да айтылды. Қаламгер өңір тынысын, қоғамдағы өзекті мәселелерді, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен көңіл күйін журналист көзімен саралап, оқырманға ой салуды көздеген.

Іс-шарада кітаптың тұсауын еңбек ардагері Гүлбарам Наурызбаева, Қазақстанның құрметті журналисті Сатал Айтенов және Павлодар облысының құрметті азаматы, Қазақстанның құрметті журналисті Ғалия Балтабай кесті.
Кездесуге қатысушылар туындының көпшілікке кеңінен таралып, оқырман көңілінен шығуына және қоғамдық ойға өзіндік үлес қосуына тілектестік білдірді.