Басқұр мен алаша: Ертістегі этноауылда ұмыт қалған өнер қайта жаңғырды

Басқұр мен алаша: Ертістегі этноауылда ұмыт қалған өнер қайта жаңғырды
Фото: Ислам Достов

Иса Байзақовтың 125 жылдығына орай ұйымдастырылған этноауылда қолөнер шеберлері ұлттық бұйымдар тоқу өнерін көпшілікке паш етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Этноауыл форматындағы мерекеде айтыс, ұлттық спорт түрлері, көрмелер мен концерттер ұйымдастырылып, көпшілік назары киіз үйлерде өткен танымдық шараларға ауды. Солардың бірі – басқұр, бау, алаша тоқу өнерін көрсету алаңы болды.

– Бұл – ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан дәстүрлі қолөнер. Көшпенді қазақ халқы киіз үйлерін берік баулармен байлап, басқұрмен сәндеген. Ал алаша – үй ішіне төселетін жылы, табиғи төсеніш. Біз осы өнерді қазіргі ұрпаққа жеткізуді мақсат тұтамыз, – дейді шебер Өміргүл Самигулина.

Оның айтуынша, қолөнерге деген қызығушылығы бала күнінен қалыптасқан.

– Кішкентай кезімде көктем сайын ауыл адамдары жиналып, ер адамдар қой қырқатын, ал әйелдер жүн сабап, жуып, бояп, алаша тоқитын. Әжем де соның бел ортасында жүретін. Сонда іштей қатты қызығып: «Осыны үйреніп алсам ғой», – деп армандайтынмын, – деп еске алады шебер.

Шара барысында келушілер басқұрдың қалай тоқылатынын өз көздерімен көріп, қолдан жүн иіру, өрнек салу, жіп бояу үдерістерін тамашалады. Табиғи жүннен жасалған ұлттық бұйымдарға қызығушылық танытқан тұрғындар қолөнердің ұмытылмауына тілек білдірді.

– Қолөнер – тек бұйым жасау ғана емес, ұлттың болмысын, дүниетанымын ұрпақ бойына сіңіру. Алаша мен бау тоқу – шыдамдылық пен шеберлікті талап ететін іс. Бұл өнерді жаңғырту – тарихқа деген құрмет, – дейді шеберлер.

Айта кетейік, Иса Байзақовтың мерейтойы аясында ұйымдастырылған этноауылда республикалық айтыс, шығармашылық кештер, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі және спорттық жарыстар өтті. Шараға белгілі мәдениет қайраткерлері мен жас ақындар қатысты.