Павлодар облысында көлік салығын төлеу мерзімі аяқталуда

Павлодар облысында көлік салығын төлеу мерзімі аяқталуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қарыз болған көліктер айып тұрағына қойылуы мүмкін, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар облысы бойынша МКД түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасы 2025 жылғы көлік құралдарына арналған салықты 2026 жылғы 1 сәуірден кешіктірмей төлеу қажет екенін еске салады.

2 сәуірден бастап борышкерлерге мерзімі өткен әрбір күн үшін өсімпұл есептеледі, салық берешегі туралы хабарламалар жолданады, мәжбүрлеп өндіріп алу үшін төленбеген салық бұйрықтары жеке сот орындаушыларына (ЖСО) беріледі және полиция департаментімен бірлесіп, жолдарда рейдтер жүргізіледі. Борышкерлердің көлігі «Оракул-Қорғау» жүйесі арқылы анықталып, айып тұрағына жіберілуі мүмкін.

Уақытында салық төлейтіндерге жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, 10 жылдан асқан жеңіл автомобильдерге салық 30%-ға,  20 жылдан асқан автомобильдерге салық 50%-ға төмендетілді. Сонымен қатар, шаруа қожалықтары бір жүк пикабына салық төлеуден босатылса, қозғалтқыш көлемі 3000 куб. см-ден асатын автокөліктер үшін шығарылған немесе елге әкелінген күніне байланыстылық алынып тасталды. Енді есептеу барлығына бірдей.

– Нақты соманы «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасында немесе kgd.gov.kz порталындағы сервис арқылы білуге болады. Төлем жасау үшін 17 таңбалы VIN-код (техпаспортта көрсетілген жеңіл көліктер үшін шанақ нөмірі немесе жүк көліктері үшін шасси нөмірі) қажет болады, - делінген хабарламада.

Басқармадағылар салық төлеу – әрбір азаматтың конституциялық міндеті екенін еске салады.