Павлодарда арнайы кітапхана зағип жандарға жарты ғасырдан астам сәуле шашып келеді

Павлодарда арнайы кітапхана зағип жандарға жарты ғасырдан астам сәуле шашып келеді
Фото: Облыстық арнайы кітапхана ұсынды

Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапханаға  55 жыл толды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық арнайы кітапхана басшысы Жамал Кенжебекованың айтуынша, мекеме 1970 жылы қаңтарда ашылған. Кітапхананың алғашқы директоры болып Татьяна Сычевая тағайындалып, штат саны үш адамнан ғана тұрған. Кітапханаға оқу өндірістік кәсіпорнының бір бөлмесі берілген. 

1990 жылы желтоқсанда кітапхана 30 орындық оқу залы, Брайль жүйесімен жазылған кітаптарға арналған кітап қоймасы бар кең ғимаратқа қоныс аударған. Осы жылдар аралығында кітапхананың кітап қоры көбейіп, жаңа бөлімдер ашылып, штаты өскен.

Қазіргі таңда кітапхана көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға, сондай-ақ басқа да санаттағы мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс істейтін мәдени, әлеуметтік, бейімдеу, тифлоақпараттық орталыққа айналды.

Бүгінгі таңда кітапханада әртүрлі басылымдағы ақпараттар тасымалдаушыларының қоймасы: бедерлі-нүктелі шрифтпен жазылған, таспаға басылған дыбыстандырылған кітаптар, тегіс басылымды, күйтабақтар және электронды басылымдар: кітап қорында әдеби кітаптар, естелікнамалар, фантастика, тарихи повестер, поэзия, әртүрлі білім саласындағы кітаптар бар, – дейді Жамал Кенжебекова.

Жалпы кітап саны 70 мыңнан астам дананы құрайды. Көру қабілеті бойынша  мүмкіндігі шектеулі оқырмандар саны 2000-нан асады.

2009 жылдың ақпан айынан бастап «Шамшырақ» радио хабары іске қосылған. Қазіргі таңда  Halyq  радиосынан әрбір айдың соңғы сенбісінде 15.15-те «Шамшырақ» хабарымен  105.5 толқынында эфирге шығып тұрады. Бұл бағдарлама барлық облыс көлеміндегі мүмкіндігі шектеулі жандарға жергілікті танымал адамдар жайлы, сондай-ақ  кітапхана жаңалықтары туралы мағлұмат алуға мүмкіндік береді.

2010 жылдан бастап «Зағиптар әлеміне көз салайық» акциясы қолға алынған. Аталған іс-шара 2021 жылдан бастап «Өнер жұлдыздары» деп өзгертіліп, белсенді және шығармашыл дарынды оқырмандар концерттік сапармен шыға бастаған. 

2017 жылы еліміздегі арнайы кітапханалар арасында алғаш рет коворкинг орталығы ашылды. 2018 жылдан бері «Жан алауы» дыбыс жазу студиясы жұмыс істейді,  бұл жерде аудиокітаптар жасау бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылады. 

– Бүгінгі таңда кітаптардың 40-қа жуығының аудио нұсқасы жарық көрді, оның ішінде кітапхананың тифлокабинетінің көмегімен 30-дан астам кітап қазақ тілінде Брайль шрифтімен кітап форматына көшірілді, – дейді Жамал Кенжебекова.

2021 жылы Қазақстан Республикасының «Рухани қазына-2021» республикалық байқауында «Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған үздік мемлекеттік кітапханасы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, бір миллион теңге жеңіп алған.

Айта кетерлігі, кітапхананың басты ерекшелігі – арнайы оқырмандардың көпшілігі тұратын және жұмыс істейтін жерде орналасуы. Бүгінгі күні Павлодар облыстық кітапханасында 17 кітапхана пункті жұмыс істейді, оның 12-сі аудандарда, бесеуі – қалада.

Еске сала кетейік, кітапханада зағип балаларға арналған тифлосаяхат іске қосылды. Енді жаңа жерлерге бару үшін қаладан кетудің қажеті жоқ. Ол үшін балалар полиссенсорлық тәжірибені пайдаланады.