Павлодарда иісшіл ит жоғалып кеткен екі қызды тапты

Жасөспірімдер ата-анасын уайымға салды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодарда 14 жастағы қыз түнде үйіне оралмаған соң, анасы полицияға хабарласқан. Жасөспірімнің інісі әпкесінің үйден ыдыс-аяқ алып шыққанын байқапты. Бейнебақылау жазбаларын тексерген тәртіп сақшылары қыздың құрбысымен бірге Павлодар ауылына қарай бет алғанын анықтады. Алайда кейін олардың қайда бағыт алғаны белгісіз болды. Келесі күні іздестіру жұмыстарына Ұлттық ұланның 5512 әскери бөлімінің кинологы сержант Аслан Шуатаев тартылды. Әскери қызметші алдымен ата-анасынан қыздардың киімдерін алып, иісшіл малинуа тұқымдас «Мажор» есімді итпен қала шетіндегі ауылда іздеу жүргізді.
Иісшіл ит кинологты шаһарға іргелес жатқан аймақтағы демалыс орындарынан кейін дүкенге апарды. Сатушы екі қыздың дүкенге кіріп, балта сатып алғанын растады. Одан кейін төртаяқты жануар Ертіс өзені жағалауын тінтіп, көрші көшедегі аялдамаға жүрген. Аялдамаға таяған сәтте кинолог екі қыздың автобусқа отырғанын байқап, дереу жедел топқа хабар берді. Полиция қоғамдық көлікті тоқтатып, жасөспірімдерді ата-анасының қолына тапсырды.
Қыздардың ата-анасы жедел әрекет еткен әскери қызметшіге алғысын білдірді. Айта кетейік, сержант Шуатаев бұған дейін Алматы облысындағы Балтабай ауылында үй тонаған ұрылардың ізіне түсіп, оларды жасырынған нысаннан тауып алған болатын.