Павлодарлықтар неліктен жер кезегінде ұзақ тұруға мәжбүр?

Павлодарлықтар неліктен жер кезегінде ұзақ тұруға мәжбүр?
Константин Шелковтың иллюстративті фотосурет

55 119 тұрғынның 200-і ғана баспана салуға жер алған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бүгінгі таңда облыста 55 119 тұрғын жер алу үшін кезегін күтуде. Олардың басым бөлігі Павлодарда – 35 436, Екібастұзда – 10 316, Ақсу қаласында – 4389, Баянауыл ауданында – 372, Павлодар ауданында – 1134 адам. 

Биыл облыс бойынша 200 тұрғын Екібастұз бен Ақсу қалаларында, Павлодар, Тереңкөл, Железин аудандарында дайын жер алған. Бір ғана Мойылды ауылында алты жер учаскесі берілді. Бұл туралы Павлодар облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов мәлімдеді. 

Бөлінген аумақтарды әзірге тарата алмайды. Жеке тұрғын үй құрылысы жоспарға сәйкес тұрғын үй ауданы болуын көздейді. Жоспарлар анықталған соң, басқармалар мен құрылыс бөлімдері бұл аумақтарға коммуникация тартуға қаражат сұрайды. Облыс орталығының жер учаскелеріне жылу, су, кәріз тартылуы керек болса, ауылдық жерлерді жылумен қамтамасыз ету міндеттелмейді, бірақ су мен электр қуаты берілуі тиіс. 

Кенжекөл, Мичурин сынды елді мекендерді дамыту схемасы дайын болмағандықтан, жер учаскелерін беруді тоқтаттық. Мұндай қала маңындағы ауылдардың игеретін жері жоқ. Мемлекеттің саясаты бойынша мал бағатын жерлер болуы керек. Сондықтан осы жерлерге үй сала алмаймыз, – деп түсіндірді спикер.

Қазір Жол картасы әзірленуде, соған сәйкес тұрғын үй құрылысын одан әрі қамтамасыз ету үшін жер учаскелері дайындалуда. Бұл жоспар бойынша 2024 жылға дейін 250 жер учаскесін бөлу керек. Қазіргі уақытта кезекте тұрғандарға 200 жер учаскесі берілді.  

Ақтоғай ауданында су тасқыны кезінде зардап шеккендерге учаскелер кезексіз берілді. Жоспарға сәйкес, жерді бермес бұрын аудандарда тек электр жарығын тарту керек, сондықтан ешқандай қиындық туындамады. Ақтоғай ауданында үлкен кезек жоқ, бірақ шағын елді мекендерде 5-10 адамнан тұратын кезектер пайда болып жатыр. Бұл халықтың ауылда тұрғысы келетінін көрсетеді. Бірақ әдетте жер алып, үй салу жеткіліксіз. Сондай-ақ, оларға жайылымдық жерлерді беруіміз қажет, – деді Мұрат Хамитов.

Жер учаскелерінің дайындығын немесе кезек тізіміндегі орны туралы ақпаратты жергілікті әкімдіктен алуға болады.