Павлодарлық полицей «Қазақстан Барысы» жолдамасын жеңіп алды

Павлодарлық полицей «Қазақстан Барысы» жолдамасын жеңіп алды
Фото: Павлодар облысының полиция департаменті

Өңірлік жарыстар «Бірлік» жекпе-жек сарайында өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы Еркебұлан Егімбаев облыстық қазақша күрес турнирінің күміс жүлдегері атанып, «Қазақстан Барысы» республикалық додасына жолдама алды.

Ведомствода атап өткендей, турнирге қатысушылар өздерінің шеберлігі мен спорттық дайындығын көрсетті.

Еркебұлан Егімбаев бұл спорт түрінің әрбір полиция қызметкері үшін маңызды екенін атап өтті.

Бұл спорт түрі әрбір полиция қызметкеріне өте қажет. Жарыстар ұлттық спортты дәріптеу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізіледі. Мен бұл сайысқа ұзақ уақыт дайындалдым, себебі қарсыластарымның да мықты екенін білдім. Бүгін күміс жүлдегер атандым, демек әлі де еңбектенетін, ұмтылатын белестер бар, – деді Еркебұлан Егімбаев.

Енді Еркебұлан облыс намысын Астана қаласында өтетін «Қазақстан Барысы» турнирінде қорғайтын болады. Әріптестері оған сәттілік тілеп, жеңіспен оралуын күтеді.