Павлодарлық қоғам белсенділері: «Қаз қонаққа» қауіп төніп тұр
Палеонтологиялық ескерткіш бірте-бірте жойылуда. Жаңа жыралардың салдарынан жағалаулар қирап жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы қоғамдық кеңесте белгілі болды. Облыста тропикалық аң-құстар қаңқалары табылған ескерткіш республикалық маңызы бар табиғи ескерткіштердің қатарына алынды. Бес-жеті миллион жылдан астам бұрын Павлодар Ертіс өңірін гиппарион фаунасының өкілдері мекендеген. Зерттеушілер олардың қалдықтарын әлі де тауып жатыр. Ескерткіш жағалауындағы жартастың ортаңғы бөлігінде сүйекті қабаттар көрінеді.
1971 жылы «Қаз қонақ» қорғалатын аймақтардың біріне айналды, ал 2001 жылы республикалық маңызы бар мәртебеге ие болды. Бірақ ескерткіш жойылып кетуі мүмкін.
– «Қаз қонақ» ескерткішінде ауқымды жұмыстар жүргізілді. Оның негізгі бөлігіне қол тимеген. Бірақ соған қарамастан, негізгі сүйек қабатының өзінде жыра пайда болды. Ол екі-үш жылдың ішінде үлкен болуы мүмкін. Жағасы сырғып, төмен қарай кетеді. Жақында ескерткішті ғана емес, тұрғын үйлердің жағдайын да уайымдауға тура келеді, себебі, шайыла бастайды, – дейді «Қаз қонақ» бойынша жетекші сарапшы, мәдениет ғылымдарының кандидаты, Марғұлан университетінің профессоры Валентина Әлиясова.
Қазақстанның құрметті сәулетшісі Нұрлан Қақамбетов Павлодар палеонтологиялық нысанының жағдайы қиын екенін айтып, «Қаз қонақ» ескерткішін сақтау жобасын ұсынды. Жоспар төрт тармақтан тұрады: қоршау, учаскені нығайту, «Ertis Promenade» сахнасындағы сияқты шатыр, арнайы жолдар орнату.
– Палеонтологиялық ескерткішті қоршау керек. Нысанның ауданы – екі гектар. Жағалау аймағын күшейтпей, ескерткішті сақтап қалу мүмкін емес. Қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақтарды ішінара жабу, қалғанын сақтау қажет. Адамдардың маңызды жерлерді таптап кетуіне жол бермеу үшін жер үстінде жолдар болуы қажет, – деп есептейді сәулетші.
Қоғам белсенділерінің басты міндеттері – бұзылу үрдісін тоқтату, ескерткішті сақтап қалу және оны бүкіл әлемге паш ету. Бірақ «Қаз қонақ» ескерткіші ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің қарауында. Сондықтан ғалымдар мен қоғам белсенділері мәселені шеше алмайды.
– Егер бұл нысан олардың бөлімшесінде бола берсе, біз ештеңе істей алмаймыз. Баянауыл ұлттық саябағындағы су бұру мәселесін шешпек болғанымызда да осындай мәселеге тап болдық, – деді жер қойнауын пайдалану, экология және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Сағын Төлеутаев. – Бұл нысанды Туризм министрлігіне табыстау қажет, сонда мүмкіндіктеріміз кеңейеді.
Ведомство басшысының айтуынша, «Қаз қонақ» ескерткішін абаттандыруды мұқият жүргізу керек, өйткені ағаштардың тамыры жердегі сүйек қабатын бұзады.
Қоғамдық белсенділер ескерткішті сақтауға қатысты барлық ұсыныстарды жинап, үкіметке жолдайды.