Сырт киімсіз ұстаған: Павлодарда тағы да қарт адамдарды азаптаған

Аталған фактілерді прокурорлар анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу қаласының прокуратурасы қадағалау қызметін жүзеге асыру барысында жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын пансионаттардың бірінде қарттарға қатыгездік көрсету фактілерін анықтады.
– Мекемеде түсірілген бейнежазбаларды зерттеу барысында қорқынышты фактілер ашылды: пансионат қызметкерлері тұрақты екі дәрменсізді ұзақ уақыт бойы қорлап, зорлық-зомбылық көрсеткен, – дейді облыстық прокуратураның баспасөз қызметінде.
Жәбірленушілердің бірінің жасы – 84-те.
Оларды үнемі ұрып-соғып, қолдарын бұрап, қыстың суығында сырт киімсіз аулада ұстаған.
Аталған факті бойынша Ақсу қаласының прокуратурасы ҚР ҚК 110-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Қазіргі уақытта барлық кінәлі адамдар анықталды. Тергеу барысы прокуратураның ерекше бақылауына алынды.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді.