Успен ауданында «Halyk Tumar» қосымшасын іске қосты
Аудан тұрғындары жасалған қылмыс туралы қосымша арқылы хабардар ете алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық мәслихат баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін Павлодар облысы прокурорының бірінші орынбасары Ержан Дүйсекенов Успен ауданының тұрғындарымен кездесіп, «Halyk Tumar» жобасын көпшілікке ұсынды.
Облыс прокуратурасы мен облыстық мәслихаттың бірлесіп жасаған мобильді қосымша аймақтың Екібастұз, Ақсу қалалары мен бірнеше аудандарында іске қосылды. Аталмыш жоба Успен ауданының аймағында да жұмыс жасайтын болады.
Айта кетейік, аудандық және облыстық деңгейдегі депутаттар да жоба аясында тұрғындармен тығыз жұмыс жасап, өтініш-тілектерін қарастыратын болады.
– Облыстағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жұмыс жасайтын мобильді қосымша пилоттық жоба болып табылады және облыс аймағындағы қылмыс пен құқықбұзушылықты азайтады деп сенеміз, – деп сендірді спикерлер.
Естеріңізге сала кетейік, өңірде мобильді қосымшаның тұсаукесері ағымдағы жылдың 30 сәуірінде өтті.