Успендік әдіскер Ольга Коляда: Қазақ тілі туған тілімдей болып кетті
@Pavlodarnews.kz тілшісі успендік әдіскерден мемлекеттік тілді меңгеру үшін қолданған әдіс-тәсілдері жайлы сұрастырып көрді.
«Балдырған» балалар эстетикалық орталығының әдіскері Ольга Коляданың ұлты – украин. Бұған дейін әкімшілік мемлекеттік қызметте бас маман болып жұмыс істеген маманның қазақшасы судай. Абай Құнанбаевтың «Қанша тіл білсең, сонша адамсың» деген қанатты сөздерін ұстанатын ол қазақ тіліне деген махаббатын әкесі ашқанын айтады.
– Отбасымызда тек мен қазақша сөйлей аламын. Менің ата-анам мен әпкем және сіңлім қазақ тілін білмейді. Әкем әрдайым қазақ тілін үйренгісі келгенін, бірақ ондай мүмкіндік болмағанын айтып отыратын. Менің қазақ тілін үйренгенім, қазір таза сөйлейтінім әкемнің қалауы, арманы болды. Осы жылы наурыз мейрамында бешбармаққа қамырды өзім жайдым, – дейді Ольга Коляда.
Оның сөзінше, мектепте оқыған кезден бері қазақ тілінде деген қызығушылық пайда болған. Бірақ бұл мүмкіндікке институтты бітіріп, жұмыс істей бастағаннан кейін ғана орайы түскен. Содан 2019 жылдан бастап жыл сайын әртүрлі онлайн мектептерде қазақ тілін үйренуді жалғастыра бастаған.
– Мен тілді әлі де үйренудемін. Сан түрлі курстарға қатысамын, қазақ тіліндегі кітаптар оқимын және де ауызекі тілді түсіну дағдысын дамыту бойынша жұмыс істеймін. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі әндер тыңдаймын, телехикаялар қараймын және өзімнің ауызекі сөйлеуімді жақсарту үшін қазақша жиі сөйлеуге тырысамын. Қазіргі уақытта осы бағытта шыңдалып жүрмін, – дейді ол.
Оның айтуынша, тіл үйрену процесі жеңіл емес. Ең бірінші кезекте грамматиканы үйреніп, кейін оны практикада қолдануға, қателерден қорықпай, бұл жолда тоқтамауға кеңес береді.
– Тұрақты негізде практика керек. Практика болмаса жақсы нәтижелер болмайды. Шынымды айтсам, қазақ тілін оқу процесінде менде әртүрлі қиындықтар болды және әлі де бар. Мысалы, акцентім бар, бір-біріне ұқсайтын сөздерді шатастырамын, қазақша баяу ойлаймын, сөйлеймін. Кейде қазақша өте тез сөйлейтін адамдарды түсінбеймін. Бірақ қателерден сабақ аламыз. Ең бастысы, бастау керек. Бірінші қадам жасалғаннан кейін тәжірибе жинала бастайды, – дейді Ольга Коляда.
Успендік әдіскер қазақ тілін білу үлкен мүмкіндіктер беретінін атап өтті. Ол мемлекеттік әкімшілік қызметте жұмыс істегенде мемлекеттік қызмет көрсетумен айналысқан. Қазақ тілін білгенінің арқасында әртүрлі ұлт өкілдерін, мысалы, солтүстікке оңтүстіктен көшіп келген адамдармен еш қиналмай, көмек көрсете алған. Сонымен қатар, қазақ тіліндегі контенттің әлемін ашқанын айтады. Оған қоса, жақында бірінші рет Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының көрермені болып, үлкен әсер алған.
– Мен өзімді бала кезімнен бастап Қазақстан Республикасының патриотымын деп санаймын. Меніңше, мемлекеттік тілді білу бұл – отансүйгіштіктің ажырамас бөлігі. Қазақстанда дүниеге келіп, осында өсіп, тұрақтап, жұмыс істеймін. Менің өмірім осы елде және мен тұратын жерімнің халқының тілін білу оның халқына, Отаныма құрмет деп білемін, – дейді Ольга Коляда.
Айта кетейік, жуырда облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мемлекеттік тілді еркін меңгерген этнос жастарын анықтау және оларды қолдау, ынталандыру, сондай-ақ жастар арасында тіл мәдениетінің деңгейін, қолданылуын арттыру мен жастардың мәдени, рухани дамуына үлес қосу мақсатында ұйымдастырған байқауда Ольга Коляда бірінші орынды жеңіп алды.