Жасыбайда Ақбетке шыққан туристер таудың бөктерінде адасып қалды

Құтқарушылар оларды жерге түсірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Баянауыл ауданының Жасыбай демалыс аймағында ТЖМ құтқарушылары Ақбет тауына шығып, адасып қалған әйел мен оның жиеніне көмек көрсетті.
– Әйел мен кәмелетке толмаған жиені өз беттерімен тауға көтерілген, алайда төмен түсу кезінде бағыттарынан адасып, кері қайту жолын таба алмаған. Олармен байланыс үзілмеген, бұл құтқару операциясын жедел үйлестіруге мүмкіндік берді, – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінде.
Құтқарушылардың үйлесімді әрекетінің арқасында олар табылып, қауіпсіз түрде таудан түсірілді. Медициналық көмек қажет болмады.
ТЖМ таулы жерлерге шыққанда қауіпсіздік шараларын сақтап, маршрутты алдын ала жоспарлап, байланыс құралдарын әрдайым қолданыста ұстау қажет екенін ескертеді.