Әйелін өлтірмекке оқталған павлодарлық бас бостандығынан айырылды
Қылмысқа қызғаныш себеп болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оқиға 2025 жылдың қаңтар айында болған. Ерлі-зайыптылар арасындағы кезекті жанжал қайғылы жағдаймен аяқталған. Ер адам автокөлік тізгінінде отырып, әйелді әдейі қағып өтіп, оны павильон қабырғасына қысып тастаған. Оқиға салдарынан жәбірленуші өміріне аса қауіпті ауыр жарақаттар алған, соның ішінде көптеген сүйек сынуы және аяқтың ампутациясы тіркелген.
Тергеу барысында ерлі-зайыптылар арасында ұзақ уақыт бойы қызғанышқа байланысты жанжалдар болып келгені анықталды.
Тергеуші алдын ала тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, жасалған қылмыстың сипаты мен механизміне қатысты дәлелдемелерді жинап, бекіткен. Тергеу әрекеттері кезінде куәлардан жауап алынған, қажетті сот сараптамалары жүргізілген, сондай-ақ бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелген.
- Сот барысында сотталушы өз кінәсін мойындамай, газ педалін абайсызда, рефлекс түрінде басып қалғанын айтқан. Алайда жиналған дәлелдемелер жиынтығы оның әрекеттерінің қасақана жасалғанын көрсетті. Сарапшылар да автокөліктің толықтай техникалық ақаусыз күйде болғанын анықтаған, — дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сот үкімімен ер адам кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, сот жәбірленушінің пайдасына материалдық шығын мен моральдық зиянды өтеу туралы шешім шығарды.