Әулет аманаты – домбыра: павлодарлық отбасының тағылымды тарихы
Павлодарлық музыкант Әділет Сейітов үшін домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес. Ол – көздің қарашығындай сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан отбасы тарихының бір бөлшегі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл шаңырақта ұлттық өнерге деген сүйіспеншілік сахнада емес, отбасы ортасында қалыптасқан. Қос ішектен төгілген күйдің үні ата-ана мен баланы, аға мен ініні, ата мен немерені жақындастырып, бір-біріне деген құрметті арттырып келеді.
Әділеттің домбырамен достығы бала күнінен басталған. Ол кезде Аққулы ауданының Қарақала ауылында Наурыз мерекесі алғаш рет кең көлемде тойлана бастаған еді.
– Әкем Нұрлыбек ағасы Қаршығамен мерекеде жиі өнер көрсететін. Айнала ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, бәйге ұйымдастырылды. Келген қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылатын. Әкем домбыра тартып отырса, мен інілерім Назымбек пен Бауыржанмен бірге ою-өрнекпен көмкерілген жарқын шапан киіп, ұлттық бас киімімізді тағып ән шырқадық. Домбыраға деген махаббатым дәл сол күннен басталған шығар, – деп еске алды музыкант.
Отбасындағы тағы бір маңызды оқиға – әпкесі Арайдың оқуға түсуі болды. 1996 жылы ол Алматыдағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернатқа қабылданады. Оқуға домбыра қажет болғандықтан, ата-анасы арнайы аспап сатып алып береді.
– Кейін әпкем домбыраны үйге қайтарды. Сол кезде біз інім Назымбекпен бірге алғашқы әуендерді үйрене бастадық. Уақыт өте келе «Ағайынды Сейітовтер» атты отбасылық дуэт құрдық. Содан бері домбыраны қолымыздан тастаған емеспіз. Бүгінде біздің әулетте домбыра тартуды бәрі біледі, – дейді Әділет.
Сейітовтер бұл сүйіспеншілікті өз балаларына да дарыта білді. Әрқайсысының музыкалық талғамы қалыптасқанымен, барлығын халық өнеріне деген қызығушылық біріктіреді. Олар күй-термені, халық әндерін сүйіп тыңдайды. Қызы Раяна Павлодар музыкалық колледжі жанындағы музыка мектеп-интернатында білім алып жүр. Дегенмен ол өз таңдауын қылқобызға жасаған.
Музыканттың айтуынша, Ұлттық домбыра күнінің орны ерекше. Өйткені, бұл мереке қазақ халқы үшін домбыраның тарихтың, рухтың және ұлттық болмыстың айнымас белгісі екенін тағы бір еске салады.
– Қазір Домбыра күні еліміздің барлық өңірінде кеңінен аталып өтеді. Концерттер, фестивальдер, шығармашылық кездесулер ұйымдастырылады. Ұлттық музыкаға қызығушылықтың артып келе жатқаны қуантады. Бірақ осындай шараларда кәсіби орындаушылармен қатар, домбыраны енді ғана үйреніп жүрген балалар мен әуесқойларға да көбірек мүмкіндік берілсе екен деймін. Өйткені домбыраға деген махаббат алғашқы рет қос ішекке қол тигізген сәттен басталады, – дейді ол.
Әділет өнер жолында жиырма жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Концерттерден бөлек, қазақы тойларды жүргізеді. Оның айтуынша, дәл сондай басқосуларда ұлттық аспаптың мүмкіндігі ерекше ашылады.
– Тойға шетелдіктер немесе қазақ музыкасын бұрын естімеген қонақтар келгенде, олардың сүйікті әндерін домбыраның сүйемелдеуімен орындаймын. Алғашында таңырқап тыңдайды, кейін ерекше әсер алады. Бар болғаны екі ішектің рокты да, блюзді де, джазды да, кез келген халықтың әуенін де жеткізе алатыны көпшілікті таңғалдырады. Сондай сәттерде домбыраның құдіретін бұрынғыдан да терең сезінемін, – дейді домбырашы.
Музыканттың жанына серік болған өз домбырасы да бар. Оны 2009 жылы павлодарлық белгілі шебер Ержігіт Тоқтаров жаңғақ ағашынан арнайы тапсырыспен жасап берген. Содан бері қасиетті аспап Әділетпен бірге үйде де, жұмыста да, сахнада да, отбасылық мерекелерде де қатар жүр.
Бүгінде домбыра оның сүйікті ісіне ғана емес, өмірлік кәсібіне айналған. Ол осы өнердің арқасында нәпақа тауып, бар ғұмырын ұлттық музыкаға арнап келеді.
Сейітовтер қасиетті қара домбыраның үні әр шаңырақтан естілсе екен деп армандайды.
– Әр павлодарлық отбасының төрінде өз домбырасы тұрса деймін. Кәсіби музыкант болу міндет емес. Ең бастысы – балалар домбыраның үнін кішкентайынан естіп өссе, өз тегін, тарихын, салт-дәстүрін құрметтесе. Сонда ұрпақтар сабақтастығы ешқашан үзілмейді, ал әр үйде жылулық, татулық пен ата-баба аманатына деген құрмет сақталады, – дейді Әділет.
Осылайша Сейітовтер әулеті жылдар бойы сөзбен айтып жеткізу қиын асыл құндылықтарды – туған тамырға деген құрмет, ұрпақтар сабақтастығы және домбыраға деген шынайы сүйіспеншілікті сақтап келеді. Әкеден балаға жалғасқан қастерлі мұраның үні ертең немере мен шөберенің жүрегінен де орын табары сөзсіз.