Екібастұздық ардагер-кенші: Қаламыз шахтерлармен бірге дамыды
Халық арасында Шахтерлер күні деген атпен мәлім мереке алғаш рет 1948 жылдың 29 тамызында аталып өткен болатын. Мереке тәуелсіз Қазақстанда кәсіби мерекелер тізбесіне 2003 жылғы қарашада енгізілді. Аталмыш мейрам тамыздың соңғы жексенбісінде атап өтіледі. Бүгінде 76-шы рет тойлануда.
@Pavlodarnews.kz тілшісі Шахтерлар күніне орай ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер-кенші Самат Рамазановпен сұхбаттасты.
Самат Рамазанов үшін Кеншілер күні – ерекше мереке. Биылғы мейрам ардагер кеншінің Екібастұзға қоныстануының елу жылдығымен тұспа-тұс келеді.
– 1974 жылы Шахтерлер күніне орай Рудный қаласындағы Қазақ политехникалық институтының Рудный филиалын бітірген 12 адам Екібастұзға келді. Содан бері көпшілігі осы қалада қалып, еңбек жолын жалғастырды, – дейді кенші.
Оның айтуынша, бүгінде Екібастұз қаласында үш кенші ғана тұрады.
– 50 жыл – біз үшін жарты ғасырлық мерейтой. Бұл қаланы өзіміз салдық деп айта аламыз. Осы мекенде отбасы құрдық, балалар мен немерелеріміз дүниеге келді. Қала – біз үшін өте қымбат. Дәл осы қалада мен кәсіби маман атандым, – дейді ардагер-кенші.
Бүгінгі таңда ардагердің ұлы мен қызы, алты немересі бар. Самат Рамазанов өндірістің барлық сатыларынан өткен. Шахтер мамандығы ауыр және қауіпті кәсіп түріне жатады. Кенші еңбек жолын әрқашан жылулықпен еске алады. Ол жол шеберінен Екібастұз көмір бірлестігінің кадрлық тұрмыс жөніндегі дирекциясының директорына дейін өскен.
Ардагерлер кеңесі төрағасының айтуынша, жыл сайын дәстүрлі түрде Шахтерлер күніне орай гүл шоқтары қойылады. Барлық іс-шаралар болашақ ұрпаққа насихат ретінде ұйымдастырылады.
– Мемлекет басшысы Екібастұз қаласының Қазақстан үшін қаншалықты маңызды екенін атап өткен болатын. Алдағы уақытта жастарды Екібастұзда еңбек етуге жұмылдырып, техникалық кадрларды толықтыру қажет. Болашақ ұрпақ қала тарихын білуі керек, – дейді ардагер-кенші Самат Рамазанов.
Ардагер-кенші өз еңбек жолына риза екенін айтады. Қазіргі таңда қалада 3,5 көмір өндіруші бар.
– Шахтер болу үшін патриоттық сезім, тәрбие мен шыдамдылық керек. Ауыр жұмыс болғаннан кейін тек позитивті өмір сүру қажет. Алдымен адамдарға пайда тигізу деген ниет басты назарда болуы шарт, – дейді ол.
Самат Рамазанов кеншілер жер астынан құнды қазбаларды алу арқылы ел экономикасында маңызды рөл атқаратынын айтады. Бұл – ұзақ және мұқият оқытуды қажет ететін қауіпті мамандық.
Бүгінде еліміздегі электр қуатының 70 пайызы көмір арқылы өндіріледі. Барланған көмір қорының 90 пайызға жуығы еліміздің солтүстік-шығыс және орталық бөлігінде шоғырланған. Қазақстан көмір қорының молдығы жөнінен әлем елдерінің алғашқы ондығына кіреді.
Айта кетерлігі, жуырда Мемлекет басшысы Шахтер күні қарсаңында шахтерлерді марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Отандық көмір өнеркәсібі саласындағы жемісті еңбегі және кен игеру ісін дамытуға қосқан үлесі үшін 36 шахтер «Құрмет» орденінің кавалері атанды. Бір қызметкер ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен және 27 кенші ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталып, 43 азамат «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері болды.