Павлодар облысында қанша спортшы бар?

Павлодар облысында қанша спортшы бар?
Фото: Константин Шелков

Павлодар облысында бұқаралық спорт қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Соған қарай инфрақұрылым да жетілдірулуде. Бұл туралы Павлодар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бөлімінің басшысы Талғат Сәкен хабар жеткізді. өңірде 306 мыңнан астам адам дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде айналысады. Бұл облыс халқының 41,2 пайызын құрайды.

Облыста 1234 дене шынықтыру-спорт ұжымы жұмыс істейді. Сонымен қатар 2253 спорт нысаны халық игілігіне қызмет етуде. Оның ішінде стадиондар, спорт сарайлары, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, бассейндер, хоккей корттары мен спорт залдары бар.

Балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Өңірде 24 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 22 931 бала тегін негізде жаттығады. Ал «Artsport» бағдарламасы аясында 107 жеткізуші 28 спорт түрі бойынша қызмет көрсетіп, он мыңнан астам бала спортпен тегін айналысуда.

Павлодар қаласында биыл он шағын футбол алаңы, 80 көше тренажері, 40 street workout алаңы және 30 спорт алаңы салу жоспарланған.

— Біз спортты дамыту бойынша инвестициялық жоспарларды іске асырып жатырмыз. Павлодар қаласында биыл он шағын футбол алаңын, сексен көше тренажерін, қырық street workout алаңын және отыз спорт алаңын салу жоспарланып отыр, — деді Талғат Сәкен.

Соңғы жылдары ауылдық жерлерде де спорт инфрақұрылымы кеңейіп келеді. 2025 жылы өңірде 54 спорт нысаны пайдалануға берілсе, 2026 жылы бірнеше ауылда бассейндер мен дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды. Қазіргі таңда тағы тоғыз спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде.

Атап айтқанда, Успенка ауылында және Май ауданындағы Көктөбе ауылында заманауи жүзу бассейндері пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Ертіс ауылында тағы бір бассейннің құрылысы жүргізілуде. Жаңа нысандар ауыл тұрғындарының спортпен жүйелі түрде айналысуына мүмкіндік беріп, балалар мен жасөспірімдер арасында жүзу спортын дамытуға серпін береді.