Павлодарда ақсүйек әйелдер киген бокканы тамашалауға болады

Бас киім XIII-XIV ғасырларда жасалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі көпшілік бөлімінің экскурсовод жетекшісі Жеңісбек Қадырұлы 1939 жылы қазіргі Ақтоғай ауданының маңынан табылған бокка бас кимін таныстырды.
– Бокка табылған кезде бүктеліп жатқан, осында алып келгенімен бокка бас киімі екенін ешкім білмеген. Іздестіреу кезінде бас киім екені анықталды, – деді ол.
Бокка – іші қайың ағашыпен қапталып, сырты таза жұмсақ күміспен көмкеріліп, жібек жіптермен тігілген. Әшекейдің формасы 20 және 30 см-ге дейінгі үшкір етікке ұқсас жасалған.
Бас киімнің жоғарғы жағы қауырсындармен, ағаш немесе металл шыбықтармен, моншақтармен және тігілген айылбастармен, маржан жіптермен, цилиндр тәрізді салпыншақтармен безендірілген.
– Ақсүйек әйелдер бокканы шашын төбесіне түйіп киетін болған. Негізі әйел адамның, қыздардың және келіндер киетін болып, үш түрлі үлгіде тігілген. Кейіннен халқымыздың сәукелесіне айналды деп айтуға болады, – деп түсіндірді музей қызметкері.
Маманның айтуынша, бас киім жұмсақ күміспен жасалғандықтан, бүктетіліп жиналған кезінде сынбайды. Әшекей орта ғасырларда біздің өңірімізде өмір сүрген тайпалардың арасында кеңінен тараған. Алайда қайталанбас тарихи жәдігер өте сирек кездеседі.
Сонымен қатар, қазылып алынған боккамен бірге үлкен мата кесінділері және айна табылыған. Ою-өрнекпен безендірілген күміс түстес бұл жұқа жібек мата үйлесімді түрде қолданылған.
Айта кетейік, бокканы еліміз бойынша тек Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінен көре аласыз.