Павлодарда садақ атуға қызығушылық артуда
@Pavlodarnews.kz тілшісі «Тұран» садақ ату орталығының директоры, садақ ату шебері Амангелді Егінбаймен сұхбаттасып, мергендік өнер жайлы сұрастырып көрді.
Амангелді Егінбай садақ ату спорт түріне 2021 жылы келген. Аталмыш спорт түрін Астана қаласында үйренген садақшы өңірімізде жаттығатын жер таппаған. Уақыт өте келе спортшы өзі садақ ату орталығын ашып, кәсібін жүргізуде. Спортшы бүгінгі таңда бұл спорттың маңызы зор екенін айтады.
– Қазіргі уақытта балалар көбінесе телефонға байланып, үйден шықпай жатады. Көбінесе жастарымызды осы өнерге қызықтыру мақсатында жұмыстар жүргізудеміз. Бірнеше мектепте осы садақ ату спорты бойынша үйірмелер ашылды. Сонымен қатар бұл спорттың денсаулыққа да берері көп, – дейді Амангелді Егінбай.
Оның айтуынша, бүгінде облыста садақ атуға қызығушылық танытқандардың саны артқан. Орталықтың ашылғанына екі ай ғана болса да 400-ден астам тұрғын келіп, садақ атып көрген. Тіпті, орталықта осыған орай үйірме де ашылған.
– Садақ ату — ежелден келе жатқан өнер. Бұл спортты дәріптеп, дамыту — өзіме де үлкен ғанибет. Жалпы, бұл спорт екіге бөлінеді. Бірі — олимпиадалық садақ ату түрі, екіншісі — дәстүрлі садақ ату. Мен көбінесе дәстүрлі садақ атуға үйретемін, – дейді садақшы.
Бүгінгі таңда аталмыш спорт түрі Түрік елдерінде, Қырғызстан, Өзбекстан, Орта Азия мемлекеттерінде қатты дамыған. Еліміз де басқа мемлекеттерден қалыс қалмауда.
– Облысымызда республикалық жарыстарда өнер көрсетіп жүргендер баршылық. Осы орайда екібастұздық садақ ату шебері Нұрбек Мұқышев ағамызды атап өтуге болады. Мәселен, былтыр ағамыздың шәкірті республикалық жарыстан жүлделі оралды, – дейді спортшы.
Облыста аудандар мен қалаларда аталмыш спорт түрі қарқын алуда. Атап айтқанда, Ақсу, Екібастұз қалалары мен Баянауыл, Аққулы аудандарында садақ ату спорты белең алып келеді.
Айта кетерлігі, өкінішке орай, өңірде садақ ату бойынша федерация филиалы ашылмаған. Спортшы жақын арада бұл кемшіліктің орнын толтырып, филиал ашуды көздеп отыр.
Фото: Есенжол Исабек