Павлодарлық асықшы Әлем кубогын жеңіп алды
12 елдің спортшылары қатысқан додада отандастарымыз тамаша ойын өрнегін көрсете білді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Румынияның Констанца қаласында өткен асық ату және бес асық ойындарына елімізден 13 спортшы аттанды. Оның үшеуі павлодарлық. Жерлестеріміз асық атудан екінші құрама команда сапында өнер көрсетті. Жалпы, Қазақстан осы сайысқа асық атудан екі құрама команда шығарса, бес асықтан бір құрама команданы жасақтаған. Әрі жекелей ойында да ойыншылар бақ сынады.
- Павлодарлық асықшылар Қазақстан-2 құрамасында ел намысын қорғады. Құрамадағы Қабылда Қуаныш, Қизат Саят, Аханов Қайраш Павлодар облысынан болса, Әбілов Тимур Ақмола облысының асықшысы. Екінші құрама Әлем кубогында жүлделі екінші орынға ие болып, күмістен алқа тақты, - дейді Павлодар облысының асық ату федерациясының баспасөз қызметі.
Бұдан бөлек, Қазақстан құрама командасының ойыншысы Қалибек Қуанұлы жекелей ойында бас жүлдеге ие болып, Әлем кубогына қол жеткізді. Финалда Қалибек Қуанұлына Румыния ойыншысы Наим Белгин есе жіберіп, күміс медальға ие болса, түрік елінің спортшысы Озген Рауф қола медалға қол жеткізді.
Айта кетелік, асық атудан Әлем кубогы 1-4 қыркүйек аралығында өтті. Оған Молдова, Украина, Германия, Өзбекстан, Қырғызстан, Македония, Румыния, Түркия, Пәкістан, Болгария және Қазақстан асықшылары қатысты.