Жер сағаты: Павлодарлықтарды электр құрылғыларын бір сағатқа сөндіруге шақырады

Жер сағаты: Павлодарлықтарды электр құрылғыларын бір сағатқа сөндіруге шақырады
https://www.pexels.com/

Іс-шара ғаламшардың экологиялық проблемаларына назар аударуға бағытталған, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мәліметінше, жер сағаты жыл сайын наурыздың соңғы сенбісінде өткізіледі. Планетаның барлық тұрғындарын жарықтарды және электр құрылғыларын сағат 20:30-дан 21:30-ға дейін бір сағатқа сөндіруге шақырады.

– Жер сағаты – бұл планетаның болашағына алаңдау белгісі ретінде бір сағатқа шамдар мен тұрмыстық техниканы өшіретін жыл сайынғы халықаралық науқан. Шара барысында әлемдегі ең әйгілі ғимараттар мен ескерткіштердің жарығы сөнеді, – дейді басқармада. 

Акция климаттың өзгеру проблемасына назар аудару мақсатында 2007 жылы Австралияда Дүниежүзілік табиғат WWF қорымен басталды.

Мұндай шара жарықты бір сағатқа өшіруден басқа, әрбір азаматтың күнделікті іс-әрекетінің қажеттілігіне баса назар аударады: энергияның тиімділігі, ресурстарды үнемді пайдалану және табиғатпен үйлесімділікке қол жеткізу.