Бірінші павлодарлық бітімгер Таяу Шығыстағы бейбітшілікке үлес қосты

Нәтижесінде қазақстандық жауынгерлер марапатталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
99225 әскери бөлімі штаб бастығының орынбасары, подполковник Мұрат Дүйсенов Израиль мен Сирия арасындағы даулы Голан биіктерінде әскери борышын өтеп келді. 1973 жылы бұл жер Йом-Кипур соғысы кезінде қиян-кескі ұрыс алаңына айналды, содан кейін бұл аймақ 1974 жылы БҰҰ бітімгершілік күштерінің бақылауына өтті. Өткен жылы қазақстандық әскерилер БҰҰ қамқорлығымен бітімгершілік миссиясына алғаш рет дербес қатысты.
– 2024 жылдың 15 наурызында бітімгершілік күштерінің бірінші ұлттық контингентінің құрамында болып, БҰҰ миссиясын орындау үшін Таяу Шығысқа аттандым, – дейді Мұрат Дүйсенов. – Біздің міндетіміз патрульдеу, адамдарды қорғау және эвакуация болды. Маған қолбасшылық жеке құрамды үздіксіз электрмен қамтамасыз ету және әскери техниканы жөндеу міндетін қойды.
Қазақстандық жауынгерлер баға жетпес тәжірибе жинады. Осылайша, Мұрат Дүйсеновке әскери техниканы Қазақстандағы орналастыру орындарынан Голан биіктеріндегі Фауардағы базаға жеткізу міндеті жүктелді. Павлодарлық өзіне жүктелген тапсырманы абыроймен атқарды. Мұрат Дүйсенов БҰҰ-ның 139 көгілдір береттерінің қатарына кіру үшін физикалық төзімділігі, жауынгерлік дайындығы және медициналық сауаттылығы бойынша күрделі іріктеуден өтті.
Миссия барысында қазақстандықтардың бірінші толқыны өздерін тамаша көрсете білді: 600 жауынгерлік тапсырма орындалып, 400-ден астам жарылғыш заттардан зарарсыздандырды. Қызмет барысында павлодарлық қазақтардың ата-бабалары – Мысыр билеушісі қыпшақ Сұлтан Бейбарыстың мен қыпшақ ғұламасы Әбу Насыр Әл-Фарабидің даңқын мәңгілік асқақтатқан жерлерді аралады.
– Бастапқыда басқа климатқа бейімделу, жергілікті менталитетке үйрену қиын болды. Кейбір жергілікті тұрғындар біздің ел туралы білмеді, бірақ біздің мұсылман екенімізді білгеннен кейін олар бізге жылы қарай бастады. Демалыс кезінде тарихи, киелі жерлерді аралап көрдім: Сұлтан Бейбарыс пен Әл-Фараби мұражайларын, сонымен қатар Салахаддин мұражайы мен Омейяд мешітін көрдім, - дейді офицер.
Бірақ ең қиын сынақ 2024 жылдың қарашасында Сирияда мемлекеттік төңкеріс кезінде туды. Содырлар БҰҰ бақылаушылары тұрған қонақүйді басып алып, дипломаттарды қорғау міндеті қазақстандық сарбаздарға тапсырылды.
Жедел әрекет ету тобы қонақүйдің периметрі бойынша айналмалы қорғанысты жылдам ұйымдастырып, миссияның 22 қызметкерін эвакуациялауға қол жеткізген. Кейін қазақстандықтар тағы екі дипломатты атыс аймағынан аман алып қалған. Біздің рота Оңтүстік Азияның сарбаздары қызмет еткен Альфа базасын содырлар басып алғаннан кейін БҰҰ бақылауына сәтті қайтарды, сонымен қатар лаңкестердің Фауардағы базамызға жасалған шабуылдарына тойтарыс берген.
Осындай нәтижелі әрекеттерден кейін сарбаздарымызға күдікпен қараған БҰҰ қолбасшылығы көгілдір туды желбіреткен жауынгерлердің жоғары кәсіби шеберлігі мен ерлігін жоғары бағалады. Голан жоталарында бейбітшілікті сақтауға қосқан үлесі үшін қазақстандықтар медальдармен және грамоталармен марапатталды.