«Ертіс орманында» ағаш кесуге мораторий неліктен енгізілді?
Соңғы рет резерват аумағында сегіз жыл бұрын ағаш кесуге тыйым салынған болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Тулепбаевтың сөзінше, 2016 жылы заңсыз ағаш кесулердің көптеп орын алуына байланысты барлық орман кесулеріне екі жылдық тыйым салынды. Кейінірек бұйрыққа өзгертулер енгізіліп, рұқсат етілген кесу түрлеріне – орман қалдықтарын тазалау және Ресей Федерациясымен шекара сызығы бойындағы орман жолдарын ашу қосылды. Тыйым жыл сайын бір жылға ұзартылып, 2020 жылға дейін созылды.
– Мораторий оң нәтижелер берді: заңсыз ағаш кесу жағдайлары азайып, келтірілген залал да төмендеді. Алайда, тыйымның мерзімі аяқталғаннан кейін заңсыз ағаш кесу саны мен көлемі қайтадан өсе бастады. 2021 жылдан 2024 жылғы 23 қыркүйегіне дейін резерват аумағында жалпы көлемі 1117 текше метрді құрайтын 106 заңсыз ағаш кесу фактісі тіркеліп, 27 миллион теңгеден астам залал келтірілген, – деді Руслан Тулепбаев.
Осыған байланысты, 10 қыркүйектегі №27-03/249-НҚ орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығымен резервте орман қалдықтарын тазалау, жолдарды ашу және орманға күтім жасау кесулерінен басқа барлық орман кесулеріне бес жылдық жаңа тыйым енгізілді. Бұйрық 27 қыркүйегінен бастап күшіне еніп, 2029 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданыста болады.
– Мораторий орман қорғау мекемелерінің қызметін шектейді. Ол тек «Ертіс орманы» резерватына таралады. Яғни, тұрғындардың заңсыз ағаш кесуіне рұқсат берілмей, резерват қызметкерлеріне орман кесуге тыйым салынады, – деді Руслан Тулепбаев.
Биыл орман шаруашылығы инспекция мамандары рейдтік шара кезінде заңсыз ағаш кесудің сегіз дерегін анықтады, оның ішінде резерваттың аумағында жаслғаны анықталды. Кінәлі тұлғалар табылған жоқ.
Айта кетейік, ҚР ӘҚБтК 371-1-бабына сәйкес, орман қорына кіретін ағаштарды заңсыз кесу, егер залал 100 АЕК-ке дейінгі мөлшерде болса, 100-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Егер келтірілген залал 100 АЕК мөлшерінен асып кетсе, онда ҚР ҚК-нің 340 және 341-баптарына сәйкес қылмыстық жаза қарастырылады.