Павлодар облысында орман өрттеріне сақтық шаралары қалай жүргізілуде?
Өткен жылы өңірдің мемлекеттік орман қоры аумағында 100-ден аса орман өртінің оқиғасы тіркелген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының Орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің басшысы Шамиль Елубаев өңірдегі орман өрттері және өрт қауіпсіздігі мәселелерімен бөлісті.
Облыстағы мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы – 479 мың гектар, оның ішінде орманды жерлер 309 мың гектарды құрайды. Орман қорының 73 пайызы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жатады: бұл «Ертіс орманы» резерватындағы 278 мың гектар және Баянауыл ұлттық табиғи паркі аумағындағы 68 мың гектар.
Сонымен қатар, орман мен жануарлар дүниесін қорғаумен айналысатын үш коммуналдық мемлекеттік мекеме, Павлодар филиалы АО «НК КТЖ» және «ҚазАвтоЖол» компаниясына қарасты автожолдар мен теміржолдар бойындағы орман желектері бар.
2025 жылы облыстың мемлекеттік орман қоры аумағында 101 орман өртінің оқиғасы тіркелді, жалпы аумағы – 109 гектар. Оның 41,5 гектары орманмен жабылған. Шығынның жалпы сомасы 5 миллион 800 мың теңгеден асты.
– Өрттердің негізгі себептері: 87 жағдайда найзағай салдары, төрт жағдайда тұрғындардың кінәсі, үш оқиғада дала өрті ауысуы және төрт жағдайда себептері анықталмаған. 2024 жылмен салыстырғанда өрт оқиғалары саны 55-ке көбейгенімен, орман өрттерінің аумағы 4800 гектардан астам азайды, – деді Шамиль Елубаев.
Қазіргі таңда орман қорғау мекемелерінде өртке қарсы іс-шаралар жоспары жасалып, мамыр айының басында орман инспекциясының мамандары Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығына сәйкес өрт қаупі маусымына дайындық тексерісін өткізді.
– Тексеру нәтижесі бойынша «Ертіс орманы» резерватында және Баянауыл ұлттық паркі аумағында дайындық деңгейі қанағаттанарлықсыз. Үш коммуналдық мекемеде – орташа деңгейде. «ҚазАвтоЖол» және КТЖ ұйымдарында да дайындық қанағаттанарлықсыз. Бұл жағдай техникалық базаның жеткіліксіздігімен байланысты: кейбір жерлерде өрт сөндіру техникасы, құрал-жабдықтар, қорғау киімдері мен арнайы құралдар жеткіліксіз. 2025 жылы техника сатып алынғанымен, нормативтік есеп бойынша мекемелер дайын деп саналмайды, – деді бөлім басшысы.
Сондай-ақ, орман өрт станциялары мен өрт бақылау мұнараларының жоқтығы да басты себептердің бірі. Мысалы, «Ертіс орманы» резерватында және кейбір коммуналдық мекемелерде өрт станциялары жоқ, ал бар станциялар нормативтік талаптарға сай емес. Баянауыл ұлттық паркінде де станциялар талапқа сәйкес емес.
Орман инспекциясы анықталған кемшіліктер бойынша Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне және облыс әкімдігіне ресми хаттар дайындауда.
Айта кетейік, тіркелген 101 өрттің шамамен 80%-ы «Ертіс орманы» резерватында болған, ал өрттердің 90%-ы табиғи фактор – найзағайдан туындаған. Резерватта 23 бақылау мұнарасы орнатылған, орманның 60 пайызы осы жүйе арқылы анықталады.
Сонымен қатар, «Ертіс орманы» және Баянауыл ұлттық паркі аумағында екі авиабөлім – Павлодар мен Баянауыл бөлімдері жұмыс істейді. Оларға екі тікұшақ бөлінген, олар өртті анықтап, өрт сөндірушілерді жылдам жеткізуге көмектеседі.