Павлодарлықтар ауызсуды техникалық қажеттіліктерге пайдалану үшін не істеу керек
Ауызсуды жасыл желектерді суару, көшелер мен тротуарларды жуу үшін пайдаланатындар арнайы рұқсат рәсімдеуі қажет, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Павлодар-Водоканал» ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, құжатты рәсімдеу барысында коммуналдық кәсіпорын мамандарымен бірлесіп суару уақыты, жабдықтарды қосу орны және су алу нүктелері нақты анықталады. Бұл шара ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 29 тамыздағы №340 бұйрығымен бекітілген Елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін пайдалану қағидаларының 28-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызметті алу, қайта рәсімдеу немесе мерзімін ұзарту үшін азаматтар «Ертіс бассейндік су ресурстарын пайдалану мен қорғауды реттеу жөніндегі су инспекциясы» РММ-не тікелей жүгіне алады. Сондай-ақ бұл рұқсатты Қазақстан Республикасының электрондық лицензиялау порталы (elicense.kz) арқылы онлайн форматта ресімдеу мүмкіндігі қарастырылған. ҚР Су кодексінің 46-бабына сәйкес, арнайы су пайдалануға берілетін бұл рұқсаттың жарамдылық мерзімі – 5 жыл.