Павлодарлық тұрғын әйеліне берген сыйлықты сот арқылы қайтармақ болған

Ол бұрынғы әйелімен бес жыл бірге тұрған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, ерлі-зайыптылар некелерін 2019 жылы тіркеп, неке шартын жасасқан.
Оған сәйкес, Павлодар қаласында орналасқан және тұрмыстық қызмет көрсету комбинатын орналастыруға және ұстауға арналған жер телімдері бар тұрғын емес үй-жайлар әйелдің меншігіне өткен. Әйел адам 2023 жылы 23,6 шаршы метр жер телімін және тұрғын емес үй-жайды сатқан. Ал 2024 жылы ерлі-зайыптылар ажырасқан.
Ер адам бұрынғы әйеліне 71,9 шаршы метр жер телімі мен тұрғын емес үй-жайды беру бойынша неке шартын бұзу туралы талап қоюмен сотқа жүгінген. Ол сол кезде өтеусіз сыйлық мәмілесі жасалғанын айтып, сыйға беруші ретінде оның күшін жоюға құқығы бар деп есептеген. Ер адам негіздеме ретінде бұрынғы әйелі оның денсаулығына жеңіл зиян келтіргені үшін сотпен әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын пайдаланған.
Сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан, сондықтан ер адам шешім бойынша апелляциялық сатыға шағымданған.
Талап қоюшы АК-тің 512-бабының 1-тармағына сілтеме жасап, сый алатын адам сыйға тартушыға және оның отбасы мүшелері немесе жақын туыстарының өміріне қол сұғуға әрекет жасаса немесе денсаулығына қасақана зиян келтірсе, сый беруден бас тартуға құқылы екеніне сүйенген.
Бұл ретте, неке шартында оны тек тараптардың келісімі бойынша бұзу немесе өзгерту мүмкіндігіне қатысты шарт болған.
Жауапкердің талап қоюшыға дене жарақатын келтіруі талап қоюды қанағаттандыруға негіз болып табылмайды, өйткені сыйға тартушының сыйды қайтарып алу құқығы азаматтық-құқықтық сыйға тарту мәмілесінің айрықша белгісі болып табылады.
Қаралып отырған дауда сыйға тартудың мәні немесе негізі жоқ, тараптардың құқықтық қатынастары неке шартының талаптарымен және «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 39–43-баптарының ережелерімен реттеледі.
Осыған байланысты бұл жағдайда АК-ның 512-бабының 1-тармағын қолдану заңсыз болып табылады. Неке шартын жасау кезінде тараптар оның талаптары бойынша келісімге келіп, шартқа қол қойғандықтан және оны елеулі бұзушылықтарға жол бермегендіктен, бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан негізді түрде бас тартқан.
Қаулы заңды күшіне енді.