Әтір мен үзеңгі: Май ауданында табылған тарихи жәдігерлер көрмеге қойылды

Әтір мен үзеңгі: Май ауданында табылған тарихи жәдігерлер көрмеге қойылды
Фото: автор

Құнды заттарды мектеп мұғалімі 24 жыл бойы жинап, сақтаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Май ауданының 85 жылдығына орай Көктөбе ауылының мәдениет үйінде ауқымды көрме ұйымдастырылды. Фойенің әр бұрышында тарихқа толы заттар қойылды. Тұрғындар назарына 17, 18, 19 ғасырда  қолданылған құрал-саймандар, тұрмыстық заттар ұсынылды. Мерейтойға орай Ақшиман орта мектебінің еңбек пәнінің мұғалімі Нұрбек Жұмаділовтың жинағынан 480-490-ға жуық ескі және де құнды зат таныстырылды. Қойылған заттардың барлығы түпнұсқада, себебі олар сараптамадан өткен. 

– Жұмыстан тыс бос уақытымда археологиялық қазбаларға арнап жүрмін. Арада міне, 24 жылдай жәдігерлерді тауып, жинап жатырмын. Үйімде екі зат сақтаулы тұрған еді. Оларды көрген Торайғыров университітінің өлкетану музейінің басшысы Виктор Мерц маған жинақпен айналысуға бағыт берді. Әуесқойлығыма бастау негіз болған ең бірінші зат – 1748 жылғы қалмақ соғысынан кейін қалған көне тиын еді, – деді Нұрбек Жұмаділов.


Оның сөзінше, жинақтың ішіндегі жәдігерлердің 20 пайызын жергілікті тұрғындар, балалар тауып алған, ал 80 пайызы –тарихшының өз үлесі. Соңғы 15 жылда аталмыш жинақ жылжымалы көрмелерде көрсетіледі. Бұған дейін бес жылдай коллекционер жиып-тергенін үйінде сақтаған. Бүгінде заттар Ақшиман мектебінің шеберханасында тұр. 

– Май ауданының жерінде 17 ғасырға тиесілі қалмақтың іскерінен қалған «денга» монетасы табылған. Сол кезеңге тұспа-тұс екенінің дәлелі ретінде соғысқа, аң атуға арналған қару-жарақтардан жебенің ұшы да сақтаулы. Сондай-ақ, ат әбзелдері, қыз балалардың түгел тұрмыста пайдаланған заттары, фарфор ыдыстардың сынықтары бар, – деді  Нұрбек Жұмаділов.


Бұдан бөлек жинақта тас дәуірінен бастап, темір дәуіріне тиесілі жәдігерлер де аз емес.

– Барлығы Ақшиман өңірінен алты шақырым жерде Қалмаққырылған тауында табылды. Ең құнды нәрсе – 18 ғасырдағы садақтың қола жебесі. Ол қалпына келтірілді. Ал 19 ғасырда табылған құты, әтірлерді кезінде тек байлар мен губернаторлардың қолынан ғана көруге болатын. Олардың құны бір үлкен жылқы тұрған. 

Жәдігерлерден бөлек фото мен кітап көрмеде біраз газеттік естелік ақпараттар таныстырылды. 

– 1924 жылдан қазіргі уақытқа дейін Май ауданының тарихы туралы жазылған кітаптарды, сол кездегі ауылдың тынысын, өмірін, халықтың тұрмысын бейнелеген фотоларды ұсынып жатырмыз,– деді  Май ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің аға кітапханашысы Ақмарал Нәжмиденова.


Ауылдың мектеп оқушылары ауданның 85 жылдығына орай туған жерлерінің макеттерін жасап, көрмеге қойды.


Оқушылар бұрынғы кездері совхоздардың макетін жоба ретінде қорғап шықты. Ал өнер мектебі балалардың өздері салған суреттерін паш етті.