Павлодар облысында құмар ойындарды жарнамалаудың үш фактісі анықталды
Бұл туралы өңірлік құзырлы органдардың өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыста әлеуметтік желілерде құмар ойындар мен лотереяларды жарнамалаудың үш фактісі анықталды.
Мамандардың айтуынша, күмәнді аккаунттар мен арналарға тұрақты мониторинг жүргізіледі. Анықталған жағдайлардың басым бөлігі әлеуметтік желілер мен Telegram-арналар арқылы таралған.
– Олар лотерея клубтарын немесе сыйақы ұсынатын платформаларды жарнамалаған. Материалдар Туризм және спорт министрлігінің Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті мемлекеттік мекемесіне жіберілді, – деді облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірінші жедел басқармасының басшысы Жоламан Қиналбеков.
Қазір аталған фактілер бойынша әкімшілік шара қолдану мәселесі қарастырылып жатыр. Сонымен қатар WhatsApp чаттары арқылы ұйымдастырылған тоғыз заңсыз лото дерегі анықталған.
Мамандардың мәліметінше, соңғы үш жылда заңсыз ойындарға қатысты 749 сайт бойынша материал жолданған. Олардың жартысынан көбі бұғатталған, қалғандары қаралу үстінде.
Өңірде екі жылы заңсыз онлайн казино ұйымдастырудың бір фактісі тіркелген. Тергеу барысында Павлодар қаласының төрт тұрғыны пәтер ішінде компьютерлер орнатып, онлайн ойын ұйымдастырғаны анықталған. Қазіргі уақытта сот үкімі шыққан.
Ведомство өкілдері тұрғындарды күмәнді сілтемелер мен «жеңіл табыс» ұсынатын платформалардан сақ болуға шақырды.