Павлодар облысында қаржы пирамидасының құрбаны болғандар саны анықталды

Павлодар облысында қаржы пирамидасының құрбаны болғандар саны анықталды

Залал сомасы миллиард теңгеден асты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Өзін инвестициялық компания ретінде көрсеткен Павлодар облысындағы «HAS Holding» қаржы пирамидасының қызметі сәуір айының басында тоқтатылды. Ұйымдастырушылар қазақстандықтарды өз ақшаларын түрлі жобаларға салуға көндіріп, салынған сомадан 70 пайызға дейін ай сайын пассивті кіріс уәде еткен. 

Облыстық экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше, қаржы пирамидасынан зардап шеккендердің саны күн сайын артып келеді. Әзірге 154 адам өтініш білдірген. Оларға 1,4 млрд теңгеге залал келтірілді.

– «Has Holding» компаниялар тобы мемлекеттік сатып алуға қатысушы болмаған. Мүлкі, техникасы, жылжымайтын мүлкі жоқ, штат саны бір-екі адамнан ғана тұрады. Кеден органдарының жауабына сәйкес, Қытайдан тауар әкелінбеген. Ресей аумағына тауарларды әкелу немесе әкету фактілері тіркелмеген, – деп толықтырды департаментте.

Алматы базарлары мен барахолкалардан сатып алған кейбір қытай тауарлары «Q-mart» дүкендері арқылы сатылған. Бұл ретте салымшыларға 180 мың теңге сомаға тауарларға сертификаттар сатып алу міндеттелген.

Ұйымдастырушылар «Мидас» және «Авангард» тұрғын үй кешендерінің құрылысы туралы айтқан, бірақ компанияның тіпті құрылыс-монтаж жұмыстарына лицензиясы жоқ болып шықты. Жоспарланған құрылыс орнында бірнеше қада ғана қағылған.

Кез келген пирамидағыдай алынған ақшаның бір бөлігі салымшыларға пайызын төлеуге жұмсалған, бұған қоса алынған қаражатты пирамидаға қайта салуға және қайта инвестициялауға көндірген. Әрбір жаңа салымшы үшін салған соманың бес пайызы төленген. 

Тергеу барысында 1,4 млрд теңгеден астам сомаға ұйымдастырушылардың мүлкі — машиналар, пәтерлер, жер учаскелері тәркіленді. Осы сомадан жәбірленушілерге келтірілген залал өтелетін болады.

Зардап шеккендерді тұрғылықты жері бойынша немесе 8 (7182) 61-33-05 телефоны бойынша аумақтық экономикалық тергеу департаменттеріне жүгінуге шақырады.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.