Павлодарлықтар әкімдікке тиімді жүгіне алады

Павлодарлықтар әкімдікке тиімді жүгіне алады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл сервис мемлекеттік органдарды жауап беруге міндеттейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыстық департаменті азаматтардың мемлекеттік органдарға өтініштерін қабылдау үшін «e-Otinish» ақпараттық сервисінің жұмысы туралы мәлімдеді.

– Қазіргі уақытта, азаматтар әлеуметтік желілер арқылы шенеуніктерге шағымдар мен хабарламалар жіберуде. Мұның өзіндік артықшылықтары бар. соның ішінде бастысы – шенеуніктердің жедел әрекет етуі. Алайда жауап бірден берілмеген жағдайда, азаматтар наразылық білдіреді, бірақ заңнама бойынша мұндай жағдайда лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі қарастырылмаған, – деп түсіндірді ведомство.

Тиімді балама ретінде «e-Otinish» ақпараттық сервисін қолдануға болады. Бұл сервис көше шамдары істемесе, қар тазаланбаса немесе басқа да маңызды мәселелер бойынша әкімдікке немесе кез келген мемлекеттік органға жазуға мүмкіндік береді.

– Ең бастысы – бұл жерде сізге міндетті түрде жауап беріледі және қажет болған жағдайда шаралар қабылданады. Сонымен қатар әрбір азамат берілген өтініштің қаралу барысын бақылап, жауапты кім және қалай дайындап жатқанын көріп, үйден шықпай-ақ жауабын ала алады, – деп сендірді департамент өкілдері.

Өтініш беру үшін келесі қадамдарды орындау қажет:

  1. https://eotinish.kz сілтемесі арқылы немесе Айту қосымшасындағы https://i2.app.link/eotinish_FAQ не eGov mobile https://egovmobile.page.link/eOtinish арқылы өту;
  2. жүйеге кіру (авторизациядан өту);
  3. өтініштің түрін таңдау (сұрау, өтініш, шағым және тағы басқасы);
  4. қажетті мемлекеттік органның атауын енгізу (тізімнен);
  5. өтініштің мәнін сипаттау (шара қабылдау, құжаттар беру және тағы басқалары);
  6. қажет болған жағдайда, мәселенің орнын картада көрсету (мысалы, люктің жоқтығы, апат және тағы басқалары);
  7. қажеттілікке қарай файлдарды тіркеу (аудио және бейне файлдар 80 мегабайттан аспауы тиіс);
  8. нақты тұрғылықты жерінің мекенжайын көрсету;
  9. өтінішті ЭЦҚ немесе Digital ID арқылы қол қойып жіберу;
  10. жіберілген соң өтінішке бірегей нөмір беріледі.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің департаменті облыс прокуратурасымен бірлесіп, биыл жергілікті атқарушы органдардың қызметін тексерді. Өтініштерді қарау тәртібін бұзғаны үшін 90-нан астам мемлекеттік қызметші әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылды.