Қарағайлы Аққулы: Жас ғалым туристер үшін қызықты жоба ұсынды

Қарағайлы Аққулы: Жас ғалым туристер үшін қызықты жоба ұсынды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Туристерге ұсынылатын бағыттардың бірі – киелі жерлерге саяхат, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аққулы ауданы Мерғалым ауылы Бекмұрат Уахатов атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Назерке Балғабаева өзі туып-өскен, білім алып жатқан ауылға есімі берілген Мерғалым Мұхтариханұлы туралы жоба дайындап әкелген. 

– Қазақ халқының тарихында есімдері ел жадында мәңгі сақталған тұлғалар аз емес. Солардың бірі – Мерғалым Мұхтариханұлы. Ол – қарағайлы өлкенің, халықтың, ауылдың өркендеуіне, дамуына өзіндік үлес қосқан біртуар тұлға. Жаратылысынан ерекше қасиет дарыған сынықшы, оташы, әрі көріпкел ол жастайынан бойына біткен қасиеттің арқасында көптеген адамдардың өміріне араша түсті. Ел аузында оның сынық салу мен ауруды анықтау қабілеті жайлы аңызға бергісіз әңгімелер жетерлік. Оның еміне тек Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, көршілес елдерден де адамдар келіп, шипасын алып қайтқан, – дейді Назерке Балғабаева. 

Оған қоса, Мерғалым Мұхтариханұлы есімі ұлықталып, ауылға оның есімі берілген.  Ол тек қана адамдарды емес, жануарларға да емшілік жасаған деседі. Тауық, қаз сияқты құстарды, қой, сиыр, жылқы малдарының мертіккен жерлерін емдеген. 

Сондай-ақ, Мерғалым ауылында сынықшы, емшінің атында мұражай  мен кесене бар. Кесененің жанынан шырақшы үйі де бой көтерген. Үш бөлмеден тұратын зиярат үйінің аумағы 210 шаршы метрді құрайды. Жеке тұрған қазандық және дәрет алатын бөлмелер де бар. Мұның барлығы туристерге ыңғайлы болу үшін жасалған. 

– Бүгінгі таңда Қазақстандағы туризмді дамыту мәселесі өзекті болып отыр. Ауылдық аймақтардың мәдени-тарихи мұрасы, ерекше табиғаты – ішкі туризмді дамытуға зор мүмкіндік береді. Қарағайлы өлке мен Мерғалым ата секілді тұлғалардың тарихы осы бағыттың дамуына негіз бола алады. Туристерге ұсынылатын бағыттардың бірі – киелі жерлерге саяхат. Қасиетті тұлғалар мен тарихи орындар арқылы ауылды насихаттау – ұлттық құндылықтарды дәріптеудің бір жолы, – дейді жас ғалым. 

Еске сала кетейік, ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті, КСРО Ғылым академиясының академигі Қаныш Сәтбаевқа арналған шарада 36 секциялық отырыс бойынша 700-ге жуық қатысушы өз жобаларын қорғады. Халықаралық ғылыми конференцияға 1500-ге жуық мақала қабылданған.  

«Сәтбаев оқулары» ширек ғасыр бойы  жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Биыл 25-ші рет өткізілген шарада Қаныш Сәтбаевтың өмірбаяны жазылған бес томдық кітап жеті тілде жарық көрді. Сондай-ақ, академиктің он томдық толық шығармалар жинағының тұсауы кесілді.