Павлодарда қадим жазуынан аударылған кітап жарыққа шықты

Кітапқа Сәдуақас Шормановтың екі еңбегі енгізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Заманында Баянауыл төңірегіне ғана емес, қазақ даласының түкпір-түкпіріне аты жеткен Шормановтар әулетінен шыққан Сәдуақас Мұсаұлының туғанына 175 жыл толып отыр.
Аталған туындыға Сәдуақас Шормановтың Санкт-Петербург қаласы, Салтыков-Щедрин атындағы (қазіргі Ұлттық кітапхана) кітапханада сақталған «Басшы» қолжазбасы мен 1909 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Аушы» еңбегі еніп отыр. Қолжазбаларда араб-парсы сөздері жиі қолданылғанымен, олардың көркемдік ерекшеліктері мен тарихи мәні толық зерттеліп, бүгінгі оқырманға түсінікті етіп ұсынылған.
Қадим жазуы – араб таңбасына негізделген қазақтың дыбыстық жазуы. Бұл жазудың қазақ тіліне аударылып жазылуында да қателіктер бар екені жайлы ескерттілді.
– Біз бұл еңбекті шығару арқылы ұлы тұлғаның ұмыт қалған мұрасын жарыққа шығардық. Сәдуақас Шорманов – қазақ журналистикасы мен публицистикасының алғашқы қарлығашы. Оның араб қарпімен жазылған өлеңдері мен мақалалары ұлттық сананың асыл кілті, – дейді кітап авторы, Әлкей Марғұлан университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Әділбек Әміренов.
Қолжазба негізінде жарық көрген туындыға ақының өлеңдері, публицистикалық мақалалары және бұрын-соңды жарияланбаған тарихи деректері енген. Онда Абай Құнанбайұлының да он бір өлеңі сақталған, бұл қазақ әдебиетінің алтын арқауын жалғайтын ұлы сабақтастықтың дәлелді
– Жинақта ақынның жарияланбаған он жеті мақаласы, мақал-мәтелдер, Алаш қайраткерлерімен байланысы және сол дәуірдегі саяси, әлеуметтік жағдайларға қатысты тың деректер бар, – деді Әділбек Әміренов.
Бұл кітап – өткен мен болашақты жалғаған рухани көпір деуге де болады.