Павлодарда әлеуметтік мекемеде мүгедектігі бар балаларды ұрып-соққан
Аталмыш факт бейнебақылау камераларын қарау кезінде анықталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасын іске асыру жалғасуда, оның аясында қадағалау органы зорлық-зомбылық және басқа да құқыққа қайшы әрекеттердің қаупі бар «тәуекел аймағындағы» балаларды анықтау бойынша жұмыстар жүргізуде.
Бұл ретте, облыс прокуратурасы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарда тұратын кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша тексерді.
– Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің облыстық психоневрологиялық балалар орталығының бейнебақылау камераларын қарау кезінде тәрбиеші тарапынан кәмелетке толмағандарды ұрып-соғудың бірнеше фактілері анықталды. Бұл денсаулық жағдайы бойынша дәрменсіз және психоневрологиялық патологиясы бар үнемі күтімді қажет ететін балалар, – деді облыс прокуратурада.
Кәмелетке толмағандарды ұру белгілері бойынша орталықтың қызметкерлеріне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, полиция департаментіне тапсырылды.
Өзге ақпарат тергеу мүддесінде ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді. Тексерулер жалғасуда.