Тегі «-ов» пен «-ев»-сіз: Павлодарда балаға қазақы есім беру тәртібі түсіндірілді

Тегі «-ов» пен «-ев»-сіз: Павлодарда балаға қазақы есім беру тәртібі түсіндірілді
Фото: pexels.com/ Emma Bauso

2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Павлодар облысында 4602 туу туралы акт жазбасы тіркелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Павлодар облысы бойынша филиалының мәліметінше, акт жазбаларын тіркеу барысында негізгі талаптардың бірі — балаға тегін, атын және әкесінің атын (әкелік есімін) дұрыс беру. Айта кетейік, бұл рәсім Қазақстан Республикасының заңнамасымен нақты реттеледі.

Павлодар облысы бойынша АХАТ бөлімінің айтуынша, балаға есім беру  ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің келісімімен жүзеге асырылады.

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 194-бабына сәйкес, баланың тегі ата-анасының тегі бойынша анықталады. Егер ата-анасының тегі әртүрлі болса, онда баланың тегі ата-анасының келісімімен әкесінің немесе анасының тегі ретінде беріледі.

Ата-анасының қалауымен баланың тегі әкесінің немесе атасының есімінен де жасалуы мүмкін. Егер ата-аналар арасында келіспеушілік туындаса, мәселе сот тәртібімен шешіледі.

– Айта кетерлігі, азаматтардың қалауы бойынша тегi мен әкесінің атын жазу кезінде қазақ тіліне тән емес жұрнақтар алып тасталуы мүмкін. Мысалы: -ов, -ев, -ова, -ева, -ин, -н, -ина, -на, -овна, -евна, -ович, -евич сияқты аффикстер қолданылмайды. Оның орнына әкесінің атына «-ұлы», «-қызы» аффикстері жалғанып, бірге жазылады. Сонымен қатар, «тегі», «ұрпағы», «немересі», «шөбересі», «келіні» сияқты сөздерді қосуға жол берілмейді, – деді АХАТ бөлімінде. 

Айта кетсек, аталған Кодекске сәйкес, қазақ ұлтының өкілдеріне есім беру кезінде әкесінің есімі тегі ретінде қолданылуы мүмкін. Бұл жағдайда алдымен әкесінің есімінен құралған тегі жазылады, содан кейін есімі жазылады. Ал әкесінің есімінен жасалған тегіне -ұлы немесе -қызы жалғанған болса, әкесінің аты (әкелік есім) жеке жазылмайды.

Ата-аналар туу туралы тіркеу үшін өтініш берген кезде, қалалық немесе аудандық АХАТ бөлімдерінен және ХҚКО-лардан толық кеңес ала алады.