Успен ауданында мердігерлер сөгіс естіді

Успен ауданында мердігерлер сөгіс естіді
Фотосурет Павлодар облысы мәслихатының депутаты Сәбиден Мантыковтың "Instagram" парақшасынан алынды

Сапар барысында мәслихат депутаттары бірқатар бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық мәслихат депутаты Сәбиден Мантыков өзінің «Instagram» парақшасында мәлімдегендей, 13 маусым күні тұрақты комиссия депутаттары ауданда жүзеге асырылып жатқан бірқатар нысандарды аралады.

Депутаттармен Вознесенка ауылындағы су құбырының құрылысына мониторинг жүргізілді.

Бүгінгі таңда жобаға екі жыл болды. Жобаға бөлінген 700 миллион теңге қаражаттың 500 миллион теңгесі меңгерілді. Алайда, су резервуарлары орнатылмаған, тұрғын үйлерге су тартылмады, өрт гидранттары орнатылмаған, нысан бойынша ескертпелер бар. Жобаның аяқталуына шамамен бір ай қалды, – деді Сәбиден Мантыков.

 Сондай-ақ, Тимирязево ауылындағы мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстарының барысы тексерілді. 

Жөндеу жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. «Armstrong» төбесі қисық төселген, өрескел бұзушылықтар бар. Еден жабынының сапасы өте нашар, кіреберіс алаңы дұрыс төселмеген. Мониторинг барысында Успен ауданының әкімдігі тарапынан бақылаудың әлсіз екені анықталды, – деп атап өтті облыстық мәслихат депутаты.

Сапар қорытындысы бойынша мердігерлерге бірқатар ұсыныстар беріліп, кейбір ескертулер айтылды.

Аудан әкімдігінің айтуынша, бұл учаскелердегі жұмыстарды аяқтау мерзімі әлі келген жоқ, құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасуда.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Сабиден Мантыков (@mantykov_sabiden)