Асайын Байханов кәсіподақ қозғалысының үздіктерін құттықтады

Өңірдің әрбір үшінші жұмыс істейтін тұрғыны кәсіподақ мүшесі болып табылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
10 қазан күні Қазақстанда қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға арналған мереке - кәсіподақтар күні атап өтіледі. Осы айтулы күн қарсаңында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерімен кездесті.
– Сіздердің еңбектеріңіз бен өз істеріңізге деген адалдықтарыңыздың қоғам үшін маңызы зор. Кәсіподақтар әрдайым әділдік пен әлеуметтік қорғаудың тірегі болды және бүгінде олардың рөлі одан сайын артып отыр. Биыл біз Қазақстан кәсіподақ қозғалысының 120 жылдық мерейтойын және кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығын атап өтудеміз. Сіздер өндірістегі лайықты еңбек жағдайлары мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуден бастап әлеуметтік кепілдіктер мен қызметкерлердің мүдделерін қорғауға дейінгі ең өзекті бағыттарда жұмыс жүргізіп келесіздер, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Павлодар облысы еліміздегі кәсіподақ қозғалысының орталықтарының бірі болып саналады. Мұнда 136 мыңнан астам тұрғынды біріктіретін 15 салалық ұйым және 1250-ден астам бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді.
Әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық комиссия, сондай-ақ еңбек қатынастарының маңызды мәселелері шешілетін «Татуласу орталығы» медиация орталығы белсенді жұмыс істейді.
Кәсіби мереке құрметіне орай Асайын Байханов көп жылғы адал еңбегі, жоғары кәсібилігі, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі және белсенді өмірлік ұстанымы үшін кәсіподақ қозғалысының үздік өкілдеріне құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыс етті.
Кездесуге өңірдің ірі кәсіпорындарының кәсіподақ жетекшілері қатысты. Олардың қатарында: «KSP Steel» кәсіподақ филиалы, «QAZAQMETAL KASIPODAGY» «Қазақстандық салалық тау-кен металлургиялық кәсіподағы» ҚБ, «Екібастұз МАЭС-2» АҚ, «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Восточный» разрезі, «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ, «Богатырь Көмір» разрезі кәсіподақтары, сондай-ақ «Павлодарэнерго» энергия жүйесі қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы және «Нефтепереработчик», «Б. Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1» ЖШС кәсіподақ өкілдері болды.