Іні пәтер тәрізді: Павлодар облысында суырлар қайда көбірек кездеседі?

Іні пәтер тәрізді: Павлодар облысында суырлар қайда көбірек кездеседі?
Фото: https://pixabay.com

Өңірде суырлардың саны 128 мыңнан асады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.   

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы жануарлар дүниесі және аңшылық бөлімінің бас маманы Зейнегүл Арынова суырлар аймақтың Павлодар, Тереңкөл, Екібастұз, Ертіс және Баянауыл аудандарында мекендейтінін атап өтті. 

– Өңірде суырдың байбақ түрі бар. Жұмсақ жүнді жануарлардың есебіне сәйкес қазірде суырлардың саны 128 мыңнан асады. Олардың саны бойынша статистика соңғы бес жылда әрқалай болып келеді, әйтсе де айтарлықтай азаю фактісі болған жоқ, – дейді Зейнегүл Арынова. 

Суырлар ақпанның соңынан наурыздың соңына дейін күйлеп, баласын ішіне 30-35 күн жетілдіріп, жылына бір рет туады. Шамамен 15-20 жыл тіршілік етеді. 

Ашық алқапта тереңдігі үш, ұзындығы он метрден асатын бірнеше тесігі бар ін қазады. Қыстайтын індері жылы, құрғақ, тіпті дәретханасы болатын көрінеді. Онда топтанып тіршілік етеді. Олардың суық мезгілде, яғни жеті айға дейін сол індерінде ұйықтайды. Іннің ішінде ұйқыға кетер алдында төсеніш жасау үшін шөп қоймасы да болады екен. Іннің бірнеше тесігінің болуы бір жақтан қауіп төнген кезде басқа жағынан кашып кету үшін жасалған. Кейбір аңшылар қашар амалы қалмаған суырлардың бетіп жауып, жылағанын көрген деген де деректер бар. 

Суырлардың көздері өткір, құлағы сақ болады – бір шақырым жердегі дауыстарды естіп қояды.  Өте сақ аңдар ұйымшыл болып келеді. Азық іздеп жүргенде қарауылда тұратын суырлар да болады екен. 

Айта кетейік, Павлодар облысында 2025 жылдың 15 маусымынан 31 желтоқсанына дейін суырларды аулауға-атуға рұқсат беріледі. 

Бұл ретте, дала суыры мен ұзынқұйрық суырдың бағалы терісінен бас киім, сырт киім тігіледі екен. Суыр майы халық медицинасында әр түрлі ауруларға ем ретінде пайдаланылады деседі. Бірақ, суыр тиінтәрізділер тұқымдасына жататын сүтқоректі. Бұрындары ғалымдары тиінді жеу харам деген ақпарат бар. Сондықтан оның да етін жеу харам деуге негіз бар.