Павлодарда қоғам мен полиция есірткі қылмысымен қалай күреседі?

Павлодарда қоғам мен полиция есірткі қылмысымен қалай күреседі?
фото: Константин Шелков

Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес жаңа тәсілдерді қолданады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Осы мақсатта «Есірткіні тұтынудағы заманауи үрдістер: жаңа қауіптер және алдын алу тәсілдері» тақырыбында семинар өткізілді.

ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжановтің айтуынша, осы жылдың бірінші тоқсанында елімізде үш мыңнан астам есірткі қылмысы анықталды. Тәркіленген заттардың көлемі екі есе өсіп, үш тоннадан асты. Оның 250 келісі – синтетикалық заттар. Қауіпті есірткі түрінің таралуы өсіп келе жатқаны байқалады.

– Ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 18 қылмыстық іс қозғалды. 69 есірткі зертханасы жойылды. Сонымен қатар, синтетикалық есірткіні тәркілеу 30%-ға артты. Статистика мемлекеттік құрылымдар мен қоғам арасында тұрақты өзара іс-қимылдың, сондай-ақ есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес пен алдын алудың тәсілдерін қайта қарау қажеттігін көрсетіп отыр. Осы мақсатта еліміздің барлық өңірлерінде есірткімен байланысты қылмыстың алдын алу жөніндегі кеңестер жұмыс істейді, – деді Қуандық Әлжанов.

Кешенді жұмысқа құқық қорғау органдары мен ҮЕҰ өкілдерімен қатар, нарколог-дәрігерлер мен ғалымдар қатысуда.

Облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бөлімінің бастығы Ирина Тимиргалиеваның айтуынша, кеңестің құрамының кеңеюі – негізгі жаңалықтардың бірі. Бұл профилактикалық шараларды күшейтіп, әлеуметтік топтарды барынша қамтуға мүмкіндік береді.

– Іс-шара аясында ІІМ сарапшылары, психотерапия саласының мамандары мен кеңес мүшелері тәжірибелерімен бөлісіп, алдын алудың заманауи әдістерін және нашақорлыққа қарсы саясатты талқылайды. Негізгі бағыттардың бірі – жасөспірімдермен жұмыс, –дейді спикер.

Оның айтуынша, жеке үлгі арқылы салауатты өмір салтын насихаттау – тиімді тәсілдердің бірі. Сонымен қатар, ақпараттық-ағартушылық жұмысқа ерекше мән беріліп отыр: дәрістер, семинарлар, интерактивті сабақтар жастарға есірткіні тұтынудың салдарын және қылмыстық әрекеттер үшін жауапкершілікті түсінуге көмектеседі.

Ресми мәліметтерге сәйкес, 2024 жылы есірткі қолданудың салдарынан психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстары бар 18 402 адам динамикалық бақылауда болған. Алдын алу шараларына қарамастан, әсіресе, жастар арасында тұтынушылар саны артуда.

Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының дәрігер-психиатры Гүлмира Сәдуақасованың айтуынша, психоактивті заттарды қолданатын жасөспірімдерге ерекше назар аударылады.

– БҰҰ-мен бірлесіп ESPAD әдістемесі бойынша 2017–2018 жылдары жүргізілген ұлттық зерттеуге 13 пен 18 жас аралығындағы 9600 мектеп оқушысы мен колледж студенті қатысты. Зерттеу нәтижесінде жасөспірімдер темекі мен ішімдіктен бөлек, синтетикалық есірткі түрлерімен де таныс екені анықталды. 2018–2023 жылдар аралығында жүргізілген эпидемиологиялық зерттеулердің деректеріне сәйкес, елде синтетикалық стимуляторларға тәуелді пациенттер санының тұрақты өсуі байқалады. Жастар арасында осы заттарды алкогольмен қатар қолдану көбейіп отыр. Сонымен қатар, есірткі тұтыну ерте жастан басталып, тәуелділік ертерек қалыптасуда, – дейді нарколог.

Сарапшылардың қорытындысы анық: жағдайды өзгерту және жас ұрпақты қорғау тек жүйелі тәсіл, білім беру, ерте алдын алу және ведомствоаралық ынтымақтастық арқылы мүмкін болады.