Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ұлан Жазылбек қатысушыларға ақпарат жеткізгендей, биыл нысанның құрылысына бір миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Орталықты салуды аяқтауға тағы 1,8 миллиард теңге қажет.

Облыс әкімі Болат Бақауов атап өткендей, облыста өңірдің отын-энергетика кешеніне кадрлар жетіспейді. Орталық осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған.

- Бозшакөл тау-кен байыту комбинатындағы жұмысшылардың 40 пайызы қарағандылықтар, - дейді Болат Бақауов. – Сонымен қатар, біз Украина, Өзбекстан, Қырғызстаннан маман шақыруға мәжбүрміз. Бұл орталықта біздің отын-энергетика кешеніне қажет кадрлар даярланады. Мұнда техникалық ағылшын тілін оқытуға ерекше мән беріледі.

Екібастұзда оқыту орталығын салу туралы тапсырманы ел Президенті сонау 2006 жылы берген еді. Алайда жер асты суларының деңгейінің көтерілуі себепті құрылыс тоқтап қалды. Уақыт өте терезе жақтаулары, есіктер, кафель – бәрі жарамай қалды. Жертөлелерді су басты.

Жаңа мердігер ұйым өкілі уәде бергендей, мұндай проблема ендігі кезде қайта тумайтын болады.

- Әрбір нысан айналасында 12 метр тереңдікке дренаж жасадық, - дейді «Портал-ПВ» ЖШС учаске бастығы Айдын Қасымов. – Бұрын бұл жерде жертөлелерде су 70 сантиметрлік биіктікке көтерілетін. Қазіргі кезде олардың барлығы сырланып, ретке келді. Жер асты су мәселесі шешілді. Жақын тұратын мөлтек аудандар тұрғындары да дән риза.

Айдын Қасымовтың айтуынша, бүгінде жұмыстардың 50 пайызы тәмамдалды. Биыл құрылыс аяқталса, келесі жылы нысанды пайдалануға тапсыруға дайындық жоспарлануда.

Айта кетейік, 700 орындық орталық 15 корпустан тұрады. Оған екі жатақхана, оқытушыларға арналған қонақ үй, оқу корпустары, кітапхана, спортзал, ас үй және басқа да ғимараттар кіреді. Орталықтың жалпы аумағы 40 мың шаршы метр.

Айбек Жұматов

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Өңіраралық кәсіби орталық, Роман Скляр, Болат Бақауов, кадр мәселесі