Жиынға облыстық ҚХА этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, Аналар кеңесі, «Жаңғыру жолы» РЖҚ жергілікті штабы, ғылыми-сарапшылық топ мүшелері, Қ. Даржұманұлы атындағы Ұлттық жаңғыру мектебінің ұстаздары қатысты.

Қарағанды облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Ерлан Құсайынның айтуынша, экспедицияның құрамына елге белгілі азаматтар, ақындар, әншілер мен күйшілер, тілшілер, аудармашылар, ұстаздар кірген.

 - Баянауыл ауданында ағартушы, этнограф, фольклортанушы Шорманның Мұсасының басына барып, тағзым еттік, - дейді Ерлан Құсайын. - Көзі тірісінде әулие атанған Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің кесенесімен және музейлерімен таныстық. Бұдан кейін қазақтың небір марғасқалары дүниеге келген, қазақтың бас ақыны Хакім Абайдың туған жері Семей өңіріне жол тартамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Мемлекеттік тіл - ұлтаралық қатынас тіліне айналады» деп айтқаны белгілі. Біздің ҚХА этномәдени бірлестіктерінің құрамындағы жастар мемлекеттік тілді жақсы меңгерген.

Делегация мүшелерінің бірі - Қарағанды облысы бойынша ҚХА жастар қанаты басшысының орынбасары Хананус Расулова Ертіс өңіріне жасалған экспедициядан алған әсерімен бөлісті.

- Көрші аймақтың табиғаты мен сол жерде тұратын адамдарды өз көзімізбен көргіміз келді, - дейді Хананус Расулова. –  Экспедицияның негізгі мақсаты - «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру, жастардың еліміздің төл тарихи-мәдени мұраларын тануға деген қызығушылығын арттыру және қолдау көрсету. Баянауыл ауданындағы мавзолейлер мен музейлерде болдық. Барлығы ұнады. Үлкен әсер алдық. Бізді өте жақсы қарсы алды. Ертіс өңірінің халқы өте қонақжай. Бұдан кейін Шығыс Қазақстан облысының киелі жерлеріне саяхатты жалғастырамыз.

С. Торайғыров атындағы ПМУ ҚХА кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.д., профессор Сәуле Мамытова облыстағы киелі жерлерге тоқталып өтті.

 - Біздің өңірдің тарихи тамыры тереңге тартқан, - деді Сәуле Мамытова. – Оның ішінде Шарбақты ауданындағы Ғабдыл-Уахит хазірет кесенесін, Маралды курорттық өлкесін атап өтуге болады. Өз өлкеміздің тарихымен шектеліп қалмай, еліміздің барлық қасиетті жерлерін тану керекпіз. Осы экспедиция арқылы сол мақсатқа жетесіздер деген ойдамын және екі облыс арасындағы ынтымақтастық әрі қарай жалғасын таба түсер.

Қарағандылық туристік-өлкетану экспедициясының мүшелері Баянауыл ауданының Бұқар жырау, Мұса Шорманұлы, Мәшһүр Жүсіп кесенелерін, Қаныш Сәтбаевтың мұражайын, Қоңыр әулие үңгірін, Арғымақтас, Сақтар қорғанын, Әлкей Марғұлан, Жаяу Мұса, Ермұхан Бекмаханов, Әміре Айтбакин, Шәкен Аймановтың аспан асты мұражайларын және өзге де киелі аумақтарды аралады.

Кездесудің соңында «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының Павлодар және Қарағанды облыстарының штабтары арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, мәдениет, рухани