Nur Otan партиясының облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Онда 2018-2019 жылдары денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жайы талқыланды.

Облыс бойынша тексеру комиссиясы Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық аурухана, №1 Павлодар қалалық аурухана мен облыстық туберкулезге қарсы диспансерде аудит жүргізген. Нәтижесінде 2018 жылы жалпы сомасы 176,5 млн теңгеге қаржылық ереже бұзушылық анықталды. Бүгінде бұл қаражаттың барлығы өтелді.

Сонымен бірге, тексеру комиссиясының жүргізген сауалнамасы тұрғындардың 20%-ы тегін медициналық көмектің кепілденген көлеміне кіретін қызметтерді ақылы негізде алғаны анықталды.

Одан бөлек, облыстық прокуратура 3-басқармасының бастығы Асхат Көкімбаев атап өткендей, өңірлік денсаулық сақтау басқармасы «Джахаев» ЖК фирмасынан мемлекеттік сатып алу арқылы 1980 жылғы Toshiba маркалы жүрек-қан жүйесін тексеретін компьютерлік томограф сатып алған. Жарты жылдан соң ол істен шыққан.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Мұқышеваның айтуынша, қазіргі кезде аталған мәселеге қатысты сот процесі жүріп жатыр.

- Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жөнінде көптеген жобалар жүзеге асырылып жатқаны белгілі, - дейді Айгүл Мұқышева. – Міне, сол әріптестік бойынша алғашқылардың бірі болып «Джахаев» ЖК ұйымынан компьютерлік томограф сатып алынды. Бұл іске тек бірнеше басқарманың қатысы болды. Қазір сот істері Нұр-Сұлтан қаласында өтуде.

Айгүл Мұқышеваның сөзіне қарағанда, қалай болғанда да «Джахаев» ЖК бірде-бір тиын өтелмейтін болып шешілді.

Сонымен қатар, партиялықтарды салтанатты түрде ашылған онкологиялық диспансер қызметін қашан бастайтыны жөніндегі сұрақ толғандырды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі айтқандай, диспансерде қазіргі кезде жөндеу жұмыстары жалғасуда. Айгүл Мұқышеваның айтуынша, аталған медициналық мекеме өз жұмысын 2020 жылдың ІІ жартысында бастайды.

Айбек Жұматов

Фото: Nur Otan партиясы облыстық филиалының баспасөз қызметі

pavlodarnews.kz

Тэги: Nur Otan, Нұр Отан, сыбайлас жемқорлық, кеңес, денсаулық сақтау, мемлекеттік сатып алу