Трамвай басқармасының басшысы айтқандай, былтыр белоруссиялық «Белкоммунмаш» холдингі жолаушы вагондарын уақтылы жеткізбегені себепті Павлодар тарапы сотқа шағымданған.

- Бүгін барлық сот істері біздің пайдамызға шешіліп, «Белкоммунмаш» өз кінәсін мойындағанын растаймын, - дейді Мүсілім Махмұдов. – Белорус тарапы 609 мың АҚШ доллары қарызын бірте-бірте өтеуге міндеттелді. Біздер бұл соманы 2020 жылдың бірінші тоқсаны аяқталғанға дейін төлеуді сұрадық.

Трамвай басқармасы жылжымалы құрамды жаңарту жөніндегі жұмысын жалғастырады. Осы орайда басқарма басшылығы жаңа трамвайларды лизингке сатып алуды көздейді. Ендігі уақытта жаңа трамвайлар Беларусьтен емес, Ресейден әкелінуі мүмкін.

- Бірінші кезекте өтемақыны қолға түсіріп алсақ дейміз. Содан соң вагондарды сатып алатын кәсіпорындардың ұсыныстарын қарастырамыз. Осы жолы трамвайларды Ресейдің Усть-Катав қаласынан лизингке сатып алуымыз мүмкін. Келіссөздер жүргізудеміз. Осы орайда облыстық және қалалық әкімдіктің қолдауына үміттенеміз. Жеке дара сатып алуға қалтамыз көтермейді, - деді Мүсілім Махмұдов.

Айта кетейік, бүгінде Павлодардың трамвай паркі 111 вагоннан тұрады. Оның 30-ы жаңа: 23-і – Беларусь, 7-уі – Ресей трамвайлары.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Трамвай басқармасы, Мүсілім Махмұдов, сот, Ресей