Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Шарбақты ауданының әкімі Балғабай Ыбыраев мәлім етті.

-  Туған еліне көп қызмет жасаған би, болыс, елге сыйлы азамат болған Темірғали Түйтеұлының есімін көпшілікке таныту мақсатында зерттеу жұмыстары жүргізілуде, - дейді Балғабай Ыбыраев. - Ол  өзінің   бойындағы   имандылығы мен діндарлық қасиеті,  жан-жақты білімді болуы арқылы Мекке мен Мединеде, Қазан және Мәскеуде танылған.  Әкесі Нұрекен би Меккеде қонақүй салдырғаны түрлі әдебиетте айтылады.  Өз елінде  игілікті істер атқарған.  Орыс, татар, араб, парсы  және басқа да алты тілді меңгерген.

Спикердің айтуынша, 1858 жылы туған дін және қоғам қайраткері Темірғали Түйтеұлы 1918 жылы қайтыс болған.  Екі рет қажылыққа барған.

Есілбай ауылында өз қаражатына 150 орындық намаз оқитын бөлмесі бар мешіт, жатақханасы мен асханасы бар медресе салдырған. Мал шаруашылығы және саудамен айналысқан.   

Ұлы ойшыл, фольклортанушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы кезінде Темірғали Түйтеұлының ақылы мен білімі  туралы  өлеңдер жазған.  

Бүгінде ауданда қоғамдық кеңестің қолдауымен қор құрылып, жұртшылық арасында ақпараттық-насихат  тобы  Темірғали Түйтеұлының өмірі мен шығармашылығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Белгілі тұлғаның мавзолейін жаңартуға жергілікті тұрғындардың өздері ниет білдірген.

- Тегіне қарайтын болсақ, Темірғалидың атасы Нұрекен де сыйлы, дәулетті адам болған, - дейді аудан әкімі. - Нұрекен би (Нұрмұхамбет, ел аузында Нұреке, Нұрке қажы деп те аталып кеткен) шамамен 1799 – 1874 жылдары өмір сүрген.   Алтай өлкесінде жерленген. Нұрекеннің өзі елінің болашағын ерте ойлап, туған жұртын өркениет жолына бастаған өрелі елағасы. Меккеге барған алғашқы қазақтардың бірі.  Сол жақта жұртшылыққа ыңғайлы болу үшін татарлармен бірге үй салған.  Темірғали Түйтеұлы өскелең ұрпақ үшін үлгі боларлықтай назар аударатын  үлкен тұлға.  Сондықтан дүркіретіп той жасамай-ақ, шағын мавзолейін демеушілердің есебінен жаңартпақ ойымыз бар.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: рухани