Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, шараға балқытушы, электромеханик, кран машинисі, дәнекерлеуші, токарь, слесарь-жөндеуші мамандығында оқитын 1-3 курс студенттері катысты. Әр топтан 5 баладан 18 топта 90 студент қатысқан.


- Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау мақсатында осындай маңызы зор іс-шара өткізу ойға келді. Студенттеріміз де қазақтың ең дәмді тағамы – бауырсақты түрлі пішінде әзірлеуге белсене атсалысып, мерейімізді асырды. Жаһандану заманында ұлттық құндылықтардың мәнін сақтай отырып, жаңаша форматта жеткізу – жас ұрпақты тәрбиелеудің тиімді жолы, - дейді колледж директоры Ренат Кусайынұлы.

Студенттердің айтуынша,  қазақ дастарқанының басты наны –  бауырсақтың «ши бауырсақ», «қатырма бауырсақ», «шелпек» сияқты бірнеше түрі бар. Бауырсақ – қиялыңыз жеткенше көсілуге ерік беретін әрі дайындалуы қарапайым тағам. Кей жерлерде бауырсақты «тоқаш» деп те атайды. Бауырсақтың соңғы уақытта көптеген түрі пайда болып, ол тіпті десерттік тоқаш болып қолданысқа енген.

Қазандағы майға қызара піскен ыстық бауырсақтан оқытушылар да, студенттерде де сүйсіне дәм татты.

Сонымен қатар, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Баянауыл ауданы Майқайың балалар өнер мектебінде ата-аналар арасында «Бауырсақ Party» байқауы өткізілді. Мереке шеңберінде ұйымдастырылған байқауға қатысушылар өздері дайындап әкелген бауырсақтарын көпшілікке ұсынды. Аталған байқаудың хабарламасы желіге жүктелген сәттен бастап-ақ, қатысуға ниет білдіріп, қызығушылық танытқандардың саны өте көп болған.

Қатысушылар байқауға үлкен дайындықпен келген. Ашыған, ашымаған бауырсақтар, тәтті, өрме бауырсақтар, май қосылған, бал қосылған бауырсақтар, ши бауырсақ, шелпек бауырсақ, ұсақ, дөңгелек, қытырлақ бауырсақтар, шай бауырсақтар, жол бауырсақтарды пісіріп, ұлттық нақышта киінген ата-аналар мерекенің сәнін келтіріп, қазақи атмосферамен керемет көңіл-күй сыйлады.

Байқаудың қорытындысы бойынша ІІІ орын дәстүрлі ән, қобыз, көркемсурет сыныптары, ІІ орынға вокал және домбыра сыныптары, І орынға хореография және фортепиано, бас жүлдеге ағашты көркемдеп өңдеу сыныбы ие болды. Байқау соңында қатысушыларға сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді. Көркемсурет, қолөнер және ағашты көркемдеп өңдеу сыныбы оқушыларының жұмыстарынан «Ұлттық құндылықтар» атты көрме ұйымдастырылды.

Ақбота Сейсенбаева

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам