«Горкомхоз Модернизация жилья» ЖШС директорының орынбасары Ғани Ыдырысов хабарлағандай, күрделі жөндеу кезінде суық, ыстық су, жылумен қамту желілері, кәріз жүйесі, жылу торабы, шатыр, қасбетті ретке келтіру жұмыстары жүргізіледі.

- Біздің ұйым осы мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға құзыретті, - дейді Ғани Ыдырысов. – Жылдың басынан бері 81,4 миллион теңгеге Гагарин, 89; Теплов, 38/2; Вс. Иванов, 92; М. Горький, 102/2; Заслонов, 69/1, жалпы бес тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Биыл тағы сегіз үйдің жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Олардың алтауы Мойылды ауылында жөнделеді.

Оған қоса, биыл Нұрсұлтан Назарбаев, 50 және 1 Мамыр, 284 мекенжайындағы үйде сегіз лифт ауыстырылады.

Былтырдан бері жөнделіп жатқан Естай, 38 көпқабатты үйде жұмыстар маусым айында аяқталады. Мұнда үйдің қасбеті, электр желілері мен шатыры ретке келтірілуде. Жобаның жалпы құны 26 миллион теңге. Заем 15 жылға жоспарланған. Әрбір пәтерден ай сайын 5-6 мың теңге төлемақы алынатын болады.

Қалалық тұрғын үй инспекциясының сектор меңгерушісі Жахан Рақышевтің айтуынша, шаһарымыздағы кез келген ПИК-тер аталған мемлекеттік бағдарламаға өз еркімен қатысуға құқығы бар.

- Ол үшін үйлерді басқарушы ұйым қалалық әкімдікке өтініш жолдауы тиіс, - дейді Жахан Рақышев. – Одан кейін әкімдік өкілдері тұрғындардың жиналысына қатысып, мәселені талқылайды. Шешім дауыс беру арқылы жүзеге асырылады.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: «Өңірлерді дамыту 2020», Естай, 38, жөндеу, тұрғын үй инспекциясы